05 нау, 2021 сағат 14:00

"Барахолкадағы" дау: "Ұлттық арна" журналисінің не қатысы бар? (Видео)

Бірнеше күннен бері Алматының "Барахолкасындағы" "Рахат" базарына қатысты дау қызу талқыға түсіп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Өздеріңізге белгілі, 3 наурыз күні 1 гектардай жерді алып тұрған базар сүріліп, орнына жиһаз фабрикасы салынуы мүмкін деген 250-ге жуық кәсіпкер наразылыққа шыққан болатын. Аталған фабирканы салу туралы Қаулыға Алматы қаласының бұрынғы әкімі, қазір "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек қол қойған. 

Осы орайда "Азаттық радиосы" салушы компанияға иелік еткен адам оның әкесі Қыдырғали Байбекпен серіктес болғанын анықтаған. 

Ал кеше 4 наурыз күні "Azattyq Ruhy" сайтының ютуб арнасында "Almaty SPS" компаниясының өкілі аталған дауға қатысты жауап берген. Ең қызығы, аталған компанияның ресми өкілі ретінде "Ұлттық арнаның" журналисі Нұрбек Бекбау журналистік қызметін қоя тұрып, "Қазмедиа" ішінде жеке компанияның атынан пікір білдіріпті.

Енді әлеуметтік желіде аталған мәселе бойынша Бауыржан Байбек немесе оның сол кездегі орынбасарлары неге жауап бермегені, "Ұлттық арна" журналисінің аталған компанияға не қатысы бары қызу талқыға түсіп жатыр.