08 қаз, 2025 сағат 10:50

Банкомат арқылы ақша аудару тәртібі өзгереді — ИИН міндетті болмақ

Фото: ашық дереккөз

Елімізде банкомат арқылы ірі көлемде ақша аударуға бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Енді 500 мың теңгеден асатын сомаға карта толтырған кезде жіберушінің ИИН-і (жеке сәйкестендіру нөмірі) міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың айтуынша, қазіргі шараларға қарамастан, банкомат арқылы қолма-қол ақша айналымы өсіп келеді. Бұған — жіберуші мен алушының нақты тұлғасын анықтаусыз жасалатын аударымдар мен бөгде адамдардың атындағы карталарды пайдалану себеп болып отыр.

Жоспарланып отырған негізгі өзгерістер:

  • 500 мың теңгеден жоғары сомаға картаға ақша салғанда жіберушінің ИИН-ін көрсету міндетті;

  • операцияны мобильді қосымша немесе SMS арқылы қосымша растау тетігі енгізіледі;

  • 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтағы бейнежазбаларды кемінде 180 күн сақтау міндетін алады;

  • болашақта биометриялық сәйкестендіру (бет-әлпетті немесе саусақ ізін тану) жүйесін енгізу талқылануда.

Қаржы мониторингі агенттігі бұл шаралар ақшаны заңсыз айналымға шығаруды азайтуға және күмәнді қаржылық операцияларға қатысушыларды анықтауды жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті.

Агенттік қазір банктермен бірлесіп, тиісті нормативтік өзгерістерді дайындап жатыр.