Фото: ©Tengrinews.kz
Бүгін, 18 маусымда «Kaspi bank» АҚ астаналық бөлімшесінде кепілге алынған 7 адам босатылды. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
«Сағат 14:00 шамасында бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған 1993 жылғы Жамбыл облысының тумасы А. Мурадов (2013 жылдан бері есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұр) Достық 12 көшесінде орналасқан «Kaspi bank» АҚ бөлімшесін басып алған.
Оқиға орнына Ішкі істер министрі, Астана қаласының әкімі, Бас прокурордың бірінші орынбасары және басқа да мүдделі қызметтер барды. Жапсарлас орналасқан барлық үйден тұрғындар дереу шығарылды», - делінген хабарламада.
Прокуратура мәліметінше, арнайы операция нәтижесінде кепілге алынған барлық адам босатылды. Сондай-ақ қылмыскер ұсталып, тергеу изоляторына қамалған.
«Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігінің 4 және 8-тармақтарымен (Адамды кепілге алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген ведомство хабарламасында.