Көрнекі фото: wikiway.com
Балқашта 130-дан аса полиция қызметкері мен ерікті жұмылдырылған жоғалған қызды іздеу жұмыстары аяқталды. Қыздың денесі табылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, кеше кешкі уақытта полицияға жергілікті тұрғыннан 15 жастағы қызының жоғалғаны туралы хабарлама түскен.
"Азамат арызында қызы күндізгі 16:00 шамасында би үйірмесіне шығып, одан оралмағанын айтты.
Қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері дабыл жүйесі бойынша көтеріліп, іздеу жұмыстары басталды. Бала болуы мүмкін деген такси және көлік тұрақтары тексеріліп, қала жолдарындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу, барлық ауланы шолу жұмыстары жүргізілді.
Іздеуге еріктілер, қала тұрғындары атсалысты" - делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, іздеу жұмыстары 11 желтоқсан таңертеңгілік Балқаш көлінің маңына алып келген.
"Көл жағасынан жоғалған қыздың киімдері табылды. Осы уақыттан бастап көлдің аумағын қарау жұмысы жүргізілді.
Сағат 13:36 шамасында көлден 40-50 метр қашықтықта, 2,5-3 метр тереңдікте қыздың мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр" - делінген хабарламада.