Фото: baq.kz
Тамыз айы басталғанда ата-аналар балаларының мектеп құралын алып, дайындықты бастайды. Ал оның физикалық және эмоциялық күйін мектепке қалай дайындаған жөн? Бұл туралы Ult.kz-ке педагог-психолог Назерке Оспан айтып берді.
Жаз бойы демалып, сабақ туралы, мектептегі көптеген міндеттері туралы уақытша ұмытқан балаға қайта оқудағы өмір салтына оралу біршама стресс күйге әкелуі мүмкін. Ал мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бала үшін бұл тіпті жаңа белесті бағындырумен тең. Сондықтан педагог-психолог баланы жайлап мектеп жайлы ақпараттармен таныстырып, эмоциялық тұрақтылығы, ерік жігері мен күн тәртібін қалыптастырып бастау керек дейді. Сондай-ақ ол баланың жанында болып, оның ішкі күйіне үңілу де маңызды екенін айтады.
Фото: Назерке Оспанның жеке мұрағатынан
Педагог-психолог Назерке Оспаннан кеңестер:
1. Зейінін тұрақтандыру
1-сынып оқушысы 35–40 минут бойы мұғалімді тыңдап, тапсырманы орындауы қажет. Ал зейіні тұрақсыз бала бірден шаршап, алаңдап, артта қалып қояды. Сондықтан баланың зейінін тұрақтандыруға үйрету керек.
2. Мектеп туралы ақпаратпен таныстыру
Бала белгісіз нәрседен қорқады. Ал мектеп туралы алдын ала түсінік балада сенімділік пен қауіпсіздік сезімін оятады. Сондықтан алдын ала мектеп туралы балаға айту өте маңызды.
Ол үшін мектепке баламен бірге барып, сыныпты көрсету керек. Кітап, қалам, форманы бірге дайындаған жөн және «Мектепке алғаш барған күнім» деген ертегі айтып беру, мектеп туралы мультфильмдер көру оның сенімділігі мен қауіпсіздігін арттырады.
3. Эмоциялық тұрақтылығын дамыту
Балаға жаңа орта, бейтаныс адамдар — күйзеліс көзі. Қобалжу, қорқыныш, жылау қалыпты жағдай. Осыны ескеріп бүлдіршіннің эмоциялық тұрақтылығын қалыптастыру маңызды.
Баланы қолдау үшін «қорқамын» десе, «Сен қорқып тұрсың ба? Қандай?» деп тыңдау керек. «Ондай болмайды» демей, «Мен сені түсінемін, сенің жаныңда боламын» деу қажет. Қуану, ренжу, қорқу сияқты эмоцияларды сөзбен атауға үйреткен дұрыс.
4. Ерік – жігерін дамыту
Мектепте тапсырмаларды орындау, ережелерді сақтау, қиындыққа төзу — ерік қасиетін талап етеді. Сондықтан бұл — маңызды қадам.
Қалай дамытуға болады?
«Бүгін менің міндетім» деген ойын: кішкентай тапсырма (мысалы, сөмке жинау, ойыншықты орнына қою).
«5 минутқа сабыр»: бала бір іспен 5 минут айналысса – жұлдызша беру.
Қиындық көрсе, көмектесіп жібермей, «Сен өзің істей аласың» деп қолдау.
5. Жеке гигиена
Мектепке дейін үйрету керек дағдылар: Қол жууды еске сақтау; Әжетханаға өздігінен бару; Мұрнын сүрту; Ыдыс-аяғын орнына қою;
6. Күн тәртібі
Бала күніне 8–10 сағат ұйықтамаса, ашуланшақ, енжар болады. Таңертең тұру қиынға соғады.
Соны ескеріп ата-анаға мынандай кеңестер беруге болады: Мектепке дейін 2–3 апта бұрын баланы мектеп режиміне көшіру; Ұйқы, тамақ, ойын, сабақ уақытын реттеу; Кешке гаджетсіз тыныш атмосферада болу;
7. Баламен бірге болу
Бала қобалжып, қорқам десе «Жоқ, қорықпа» деп баспаңыз. «Сен қорқып тұрсың ба? Бұл қалыпты жағдай. Мен жаныңда боламын» деп қабылдаңыз.
Осы ретте келесі тірек сөздерді қолдануға кеңес беремін: «Мен сені тыңдап тұрмын», «Сенің айтқаның маңызды», «Қаласаң бірге отыра тұрайық».
Бұдан бөлек нейрожаттығулар жасаған жөн (мидың жұмысын жақсартатын).
Нейрожаттығудың мақсаты – зейін және есте сақтау қабілетін жетілдіру.
Баламен "Айнадағы қимыл" деп аталатын жаттығу жасап көріңіз. Ол үшін бір қолмен бас, бір қолмен ішті сипау керек, сосын қолдарды ауыстыру;
Ойлау мен қимыл үйлесімін жетілдіру үшін "Көзің мен қолың" жаттығуын жасауға болады. Көзімен 8 санын салып тұрып, саусақпен шеңбер сызу;
Есте сақтау қабілетін жетілдіруге арналған – қимылдар тізбегін жасауға болады. Ол үшін алдымен сіз бір қимыл жасайсыз, бала қайталайды. Келесі қимылды қосасыз – бала екеуін қайталайды. 5-6 қимылға дейін жету.
Логиканы дамыту үшін баламен "Не артық?" деген ойын ойнаңыз. Ол үшін 4 зат көрсетіп, қайсысы артық екенін табу және неге екенін түсіндіру керек.
Мотриканы дамыту жаттығуы – "Моншақ тізу". Саусақ бұлшықеттерін дамыту үшін түрлі моншақтарды жіпке тізу;
Балжан Жеңісқызы
