Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина білім беру ұйымдарының егу пункттерінде салынады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
"Балаларды вакциналау бұрыннан оқу орнындарындағы егу пункттерінде, яғни білім беру ұйымдарында жүргізіледі. COVID-19-ға қарсы вакцинация білім беру ұйымдарында және республиканың егу пункттері желісінде де жүргізілді. Вакциналау ата-аналардың немесе кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің басқа да заңды өкілдерінің ерікті түрде келісімінен кейін ғана жүзеге асады", - деді Цой Үкімет отырысында.
Ол премьер-министрден облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне министрліктермен бірлесіп, педагогтерді, кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдерін, жасөспірімдерді коронавирусқа қарсы вакциналау мәселелері бойынша хабардар етуді, сондай-ақ егу пункттерін Санитариялық қағидаларға сәйкес дайындауды, вакцинаның бірінші партиясы келіп түскенге дейін мұздатқыш жабдық орнатуды, вакциналарды тасымалдау, сақтау және қолдану қағидаларын сақтауды, медицина қызметкерлерін даярлауды қамтамасыз етуді тапсыруды сұрады.
