Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалардың Рамазан айында ораза ұстағаны жөн бе деген сауалға жауап берді.
Министрдің айтуынша, баланың денесі метаболизмнің жоғарылауына байланысты тез өседі және энергия шығыны өте жоғары.
"Сондықтан берген энергияны дер кезінде толықтырып отыруы керек. Баланың денсаулығы мен оның болашақта тұлға болып қалыптасуына уақытылы, сапалы, теңгерімді тамақтану өте маңызды. Мұны әрбір ата-ана түсінуі керек", – деді Әлназарова.
Министр балаларына ораза ұстауға рұқсат беруді әрбір ата-ана өзі шешетінін айтты. Айтуынша, бұл жағдайда баланың жасы маңызды.
"Негізі бала белгілі бір жасқа дейін толыққанды тамақтануы керек, яғни 16-17 жасқа дейін, барлық мүшелері толық қалыптасқанша", – деді министр.