06 қыр, 2021 сағат 12:40

Балаларға қарсы қылмыстардың жолын кесу министрліктің ерекше бақылауында - Нұрділдә Ораз


Балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу және жолын кесу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшыларымен бейнеконференцбайланыс режимінде жедел кеңес өткізді, онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын сапалы және уақтылы іске асыру үшін бірқатар міндеттерді белгіледі. Жолдауда елдегі тұрақтылықты, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған болатын. Балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу және жолын кесу министрліктің ерекше бақылауында. Соңғы жылдары педофилдердің полицияның бақылауында болу шарттары едәуір күшейтілді: олар жазасын қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемелерінде өтеп жатыр», - деді Н. Ораз онлайн апталық брифингіде. 

Осы орайда аталған қылмыскерлерге қатысты тараптарды татуластыруға, шартты түрде соттауға, жазаны неғұрлым жұмсақ түрге ауыстыруға, сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды.

«Қызметтер мен бөлімшелердің басшыларына министр кәмелетке толмағандар арасында жыныстық қылмыстарға қарсы қылмыстарға қарсы іс-қимылдың қосымша шараларын белгіледі. Атап айтқанда, бұлар - әкімшілік қадағалауды күшейту және жазасын өтеген педофилдерге қатысты электрондық бақылау құралдарын қолдану», - деді ресми өкіл.