Фото:abai.kz
Биыл балаларға арналған қазақ тілді 37 жаңа анимациялық фильм түсіру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 500 миллион теңге қарастырылған. Мақсаты – жас ұрпақты патриотизмге, мәдени және рухани құндылықтарға тәрбиелеу және ұлттық дәстүрлерді сақтауға бағытталған. Ал 2019-2022 жылдары мемлекеттің қолдауымен 8 анимациялық мультфильм жарық көрді.
Дегенмен қазақ тіліндегі мультфильмдер әлі де өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Сондықтан балалар шетелдің мультфильмдерімен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша туындыларды көруі тиіс.
Осы мақсатта, келесі жылы қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Ол тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуі де ескерілетін болады. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз», - деп жазды ол өзінің ресми парақшасында.
Жалпы, қазақ тілді контент қарқынды дамып келе жатыр. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» биыл шетелдік 15 фильмді қазақшаға аударуды жоспарлап отыр. Ал шетелдік компаниялар біздің ана тілімізді қолдауда шет қалып отырған жоқ. Мысалы биыл әлемдік прокатқа шыққан «Ойжұмбақ-2» мультфильмі қазақша аударылып, кішкентай көрермендер назарына ұсынылды. Пайдалы, танымды, өмірлік құндылықтарды насихаттайтын аталмыш туынды қазақ тілінде 125 млн теңге касса жинады. Қазақ тіліндегі дубляжды Disney компаниясы қолдаған. Ал «Веном. Соңғы би» фантастикалық туындысын «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен Sony Pictures өз қаражатына аударып, дубляждады. Осылайша биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетіп отыр. Бұл үлкен жақсылықтың нышаны.
Елімізде балаларға қазақ тілінде білім беретін және танымдық контент ұсынатын онлайн кинотеатрлар мен платформалар да бар.
Мысалы “ÖZINŞE” платформасы түрлі жастағы балалар мен жасөспірімдерге қазақ тіліндегі мультфильмдер, фильмдер және сериалдарды ұсынады. Бұл қосымшаны AppStore және GooglePlay арқылы жүктеуге болады.
Балапан телеарнасы – отандық мемлекеттік балалар арнасы. Телеарна қазақ тілінде танымдық және тәрбиелік мультфильмдерді көрсетеді.
Nickelodeon және TiJi арналары – Қазақстанда қазақ тіліне аударылған танымал шетелдік мультфильмдерді ұсынатын арналар. Бұл арналарға мемлекет 800 сағаттан астам қазақ тіліндегі анимациялық контентті қосқан. Сонымен қатар, TiJi мен Nickelodeon мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мазмұнды, соның ішінде әндер мен әңгімелерді қазақ тіліне аударумен де айналысады.
Тағы бір жағымды жаңалық. Қазақ анимациясы халықаралық деңгейде танымал болуға ниеттеніп отыр. Ол үшін Netflix және басқа да платформаларда көрсетілу мүмкіндіктерін ашу жұмыстары жүргізілуде. “Қараван Историй” және “Алтын Адам” сияқты жобалар қазақ мәдениетін, ұлттық мұраларды және тарихты қамтиды, бұл да қазақ анимациясының дамуын ынталандыруда.