Фото:elements.envato.com
Үкімет Мемлекет басшысының 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған тапсырмаларын орындау жөніндегі Ұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Үкімет отырысында жоспардың егжей-тегжейін ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтып берді.
Оның айтуынша, коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында монополиялық және олигополиялық нарықтарды қоспағанда, бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайыз мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, кейіннен оларды тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану мүмкіндігімен аударуды көздейтін "Ұлттық қор – балаларға" жобасын іске қосу жоспарланған.
"Апатты және үш ауысымды мектептердің проблемаларын толық шешу мақсатында "Жайлы мектеп" жаңа ұлттық жобасының шеңберінде 2025 жылға дейін 800 мың оқушы орнына арналған мектептер салынады. Денсаулық сақтау саласында еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы әзірленіп жатыр.
61 жасты белгілей отырып, әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін арттыруға мораторий енгізуді және 2023 жылғы бірінші қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайтуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданады.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айрылған кездегі әлеуметтік төлемдердің мөлшері орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін ұлғайтылады", - делінген хабарламада.
Фискалдық реттеуді қайта жүктеу мақсатында 2023 жылы жаңа Салық кодексінің жобасы дайындалады. Бюджеттік жоспарлаудағы төрешілдікті одан әрі қысқарту және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру үшін жаңа Бюджет кодексі әзірленеді.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және босату жүйесін қайта қарау туралы хабарлады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық кадрлық институтқа айналады.
Жоспарға құқық қорғау мәселелері де енгізілген. Қуантыров елімізде нашақорлықпен күресудің бағдарламалық құжаты әзірленетінін, ауыр қылмыс жасағандар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, шартты түрде мерзімінен бұрын босату алып тасталатынын атап өтті.
"Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-шаралар жоспарының ұсынылған жобасы Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндетті қамтиды. Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оны жүзеге асыруға дереу кірісуі керек. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жоспардағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс", - деді премьер-министр Әлихан Смайылов.