26 жел, 2022 сағат 14:38

Балаларды оңалтуға бөлінетін квота: Антикор алаяқтық фактілерді анықтады

© Photo: Sputnik Қазақстан

Антикор балаларды оңалту еміне квоталар бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері аясында Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс енгізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚПК 200-бабына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігіне балаларды оңалту еміне квоталарын бөлу мәселелері бойынша заңды бұзуға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізген.

"Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің өтініші негізінде "University Medical Center" корпоративтік қорының балаларды оңалту ұлттық орталығы қызметкерлерінің заңсыз ақшалай сыйақы алу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізген болатын.

БОҰО қызметкерлерінің бірі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан балаларды оңалту еміне квота бергені үшін 60-тан 100 мың теңгеге дейін ақшалай қаражат алғаны анықталды", - делінген хабарламада.

Тергеу нәтижелері бойынша бірнеше жыл бойы қолданылып келген алаяқтық схема тоқтатылып, ата-аналарға келтірілген залал толығымен өтелген.

Сонымен қатар, тергеу барысында балаларды оңалту емін көрсету мәселелері бойынша бірқатар проблема мен кемшіліктер анықталған.

"Мысалы, өңірлерде квоталардың біркелкі бөлінбеуі, ата-аналардың сенімсіздігі және түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, ашық және жалпыға қолжетімді кезектіліктің болмауы, сондай-ақ елде осындай республикалық орталықтардың жетіспеушілігі болды.

Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Аружан Саиннің, вице-министр Вячеслав Дудниктің, аумақтық денсаулық сақтау басқармаларының, University Medical Center корпоративтік қорының, сондай-ақ БОҰО басшыларының қатысуымен ұсыныс қаралды", - делінген Антикор мәліметінде.

Талқылау нәтижелері бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында өңірлерде республикалық орталықтарға квоталар бөлу жөніндегі комиссиялар құруды жоспарлаған.

"Бұдан басқа, жақын арада оңалту еміне мұқтаж адамдардың жалпыға қолжетімді электрон кезегі іске қосылады.

Бұл шаралар қалпына келтіру емін қажет ететіндердің барлығын есепке алуға және оңалту көмегін көрсету қызметтерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта БОҰО жеке сектордан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағыныстылығына қайтару бойынша жұмыс аяқталуда" - делінген хабарламада..

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды күмәнді тұлғалардың қызметтерін пайдаланбауға және балаларды емдеу мен оңалтуға жеңілдіктер алуды тек заңды негіздерде жүзеге асыруға шақырады.