ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мектептерге балалар не себепті мейлінше азырақ баруы керектігін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Баланы қашықтан оқыту-оқытпауды ата-ана шешеді. Мектептерде не себепті мейлінше азырақ бала оқуы керектігін түсіндіріп көрейін. Қазір эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз екенін айтып өттім. Балалар коронавирусты жеңіл көтеретіні туралы ақпараттар бар. Бұл, расымен солай. Бірақ олар мұғалім үшін де, отбасы мүшелері үшін де инфекция көзі болып қалады», - деді Айжан Есмағамбетова бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Комитет басшысы балалар коронавирусты жеңіл өткізгенімен, оның өзгелерге қаупі туралы ескертті.
«Қарағандылық мұғалім Ресейде коронавирус жұқтырып, мектепке барған. Оқушылар мұғалімнен ауру жұқтырып, олардан отбасы мүшелеріне жұққан. Бұл – балалар ауруды жеңіл өткізгенмен, инфекцияны басқаларға да жұқтыратынын білдіреді. Ал егде жастағы әрі созылмалы ауруы бар адамдар бұл індетті жұқтырған кезде емделуі қиын екенін, тіпті соңы өліммен аяқталған жағдайлар бар екенін білесіздер. Сондықтан біз бұл дерттің таралуын тоқтатуға үлкен мән береміз», - дейді ол.