27 там, 2020 сағат 12:39

Бала үшін «Әліппемен» әріп тану тиімді - Аймағамбетов

Бала үшін «Әліппемен» әріп тану тиімді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әліппеге қатысты шешім қабылдадық. Оны біз айтқан едік. Бұл - өте маңызды мәселе. Біріншіден, мемлекеттік стандартқа енгізілді. Ол әділет органдарында тіркелді. Қазір бағдарламаны дайындап, бекітуге әзірміз. Бұл бағдарлама ең бастысы Ахмет Байтұрсынов әдістемесі негізінде болады. Бірақ, әдістеменің негізінде деген сол жылдардағы әріптермен, тек қана сол негізде болады деген сөз емес. Ең бастысы - әдістемесі. Осы әдістеменің негізінде қазақ тілінің өзіне тән қасиеттерін біле отырып бағдарлама дайындау маңызды болып отыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Оның атап өтуінше, аталған бағдарлама енгізілгеннен кейін 1-сынып оқушылары 1 және 2-тоқсанда Әліппені оқиды. Ал 3 және 4-тоқсанда Ана тілімен білім алады. 

«Бұл өте маңызды. Сондықтан тек қана формалды жағынан емес, ең бастысы мазмұны жағынан қарағанда да балалар үшін тиімді болады. Өйткені, балалар келе сала дайын тұрған мәтінді оқымауы тиіс. Балалар 1-сыныпқа әртүрлі деңгеймен келеді», - деді Асхат Аймағамбетов.