18 қар, 2021 сағат 13:52

Бала емізетін әйел: Сәбиімді дерттен қорғау үшін вакцина салдырдым


Коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын салдырған Өскемен қаласының тұрғыны Жанерке Саду қазіргі қал-жағдайымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді америкалық Pfizer вакцинасымен егу науқаны жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысында вакцина салдырып жатқан осы санаттағы адамдар аз емес. Солардың қатарында Өскемен қаласының тұрғыны Жанерке Саду да бар. 

«4 жарым айлық ұлымның есімі – Шоқан. Қауіпті дерттен өзімді және баламды қорғау үшін Pfizer вакцинасын алдым. Елімізде COVID-19 инфекциясына қарсы вакциналау алғаш басталған кезде енді бала көтерген едім. Сол кезде вирус жұғып кетпесін деп қатты қорқып, сақтық шараларын қатаң сақтап жүрдім. Енді міне, екпе салдыру мүмкіндігі пайда болғанына қуаныштымын», - деді ол. 

Жанерке Саду өз сөзінде қазіргі жағдайының қалыпты екендігін, өзін жақсы сезінетіндігін жеткізді.