01 нау, 2022 сағат 18:15

Бақытжан Жұмағұлов. Жаңа Қазақстан - жаңа қоғам


Қаңтар қасіретіне қарамастан, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің сайлау алды бағдарламасында айтылған экономикалық және саяси реформаларды одан әрі жалғастырып келеді.

Мемлекет басшысының әлемдік деңгейдегі саяси тұлға екенін заман көрсетіп отыр. Ол Тәуелсіз еліміздің 30 жылда жеткен табыстарын айта отырып, жаңа Қазақстанның жаңа мәселелерін айқындады.

Сын сағаты кезінде тайсалмады. Бабалар арманы - Тәуелсіздікті сақтап қалды. Осылай өзінің тар кезеңде дұрыс шешім қабылдай алатын, жауапкершіліктен қашпайтын ірі саяси тұлға екенін танытты.

Президент сайлауында жеңіске жеткен күннен бастап, ол қоғамдық өмірдің бар саласын реформадан өткізу саясатын жүргізді.

Енді қоғам да, адам да бұрынғыдай өмір сүре алмайтынын білді.

Сондықтан да Қазақстанды жаңғырту жолын таңдады. Осылай «естуші мемлекет» концепциясы жасалды. Одан кейін жаңа Қазақстан жолы таңдалды.

Бұл не? Қандай бағыт? Бұл жайлы соңғы жылдары экономикада саяси реформа тұрғысында жасалған алғашқы қадамдарды айтсақ та жеткілікті. Ауыл әкімдерінің сайлауы өтті, саяси партиялардың рөлін көтеруге бағытталған заңнамалық қадамдар да жасалды. Енді аудан әкімдері сайланатын болады. Көлеңкелі экономикамен күрес, коррупцияны құрықтау, әділ қоғам құру мақсаты да қойылды. Міне, осы жолда Мемлекет басшысы жаңа бағыт, жаңа жол таңдады. Алдағы уақытта жария етілетін Жаңа Қазақстанның жаңа жолын халық асыға күтеді.

Ішкі және сыртқы экстремисттік, террористік, лаңкестік әрекеттердің себебінен Қазақстанның бұрынғыдай өмір сүре алмайтыны белгілі. Қазіргі қалыптасқан жағдайға қарай, партия төрағасы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезін шақырды.

Президент жаңа Қазақстан - жаңа қоғам концепциясын ұсынды.

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі онлайн форматта өтті. Оған Республикамыздың барлық өңірінен 399 делегат қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қойылды. Партияның саяси кеңесінің құрамына өзгеріс енгізілді. «Нұр Отан» партиясын модернизациялау мәселесі қаралды.

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы өзінің тарихи миссиясын орындағанын  атап өтті. Енді партияның аты «Аманат» деп өзгертілді. Бұл сөздің - астары мен мазмұны терең. Аманат халық сенімі, қоғам тірегі, жауапкершілік пен әділеттілік кепілі. Енді, партияның аты ғана өзгеріп қоймай, оның жұмыс істеу тәсілдері де жаңғырады. Партия мен халықтың бірлігі жақындайды. Ол қоғамдық өзгерістердің, болашақта жүргізілетін барлық жүйелік өзгерістердің басында тұратын жаңа партия болмақ.

«...Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда партияның өзгеруі заңдылық. Бұл уақыт тілегі.

... Саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ. Мен де бұл мәселеге қатысты пікір-таласқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды. Соның ішінде «Аманат» деген атауға тоқтадық деді Президент өз сөзінде.

Иә, енді ол Ұлттық құндылықтарды дамытуға негізделген жаңа Қазақстан партиясы болмақ.

Әрине, әлемді алаңдатып отырған мәселе: Ресей-Украина қарым-қатынасы мен соғысы.

Партия съезінде Мемлекет басшысы бұл тақырыпты да айналып өткен жоқ.

«Геосаяси жағдай өкінішке орай өте шиеленісіп тұр», - деді Қ.К. Тоқаев. - Сондықтан да, біз, екіжақты келісімге келуді қажет деп есептейміз. Екі мемлекет те ортақ келісімге келу үшін келіссөз жүргізуге шақырамыз. Басқа жол жоқ.

... Қазақстан өз тарапынан мәмілегершілік болу үшін барлық жағдайды жасайды.

Ел Президенті өзара сенім болған жерде ғана қауіпсіздік сақталатынын атап өтті.

Съезде көтерілген мәселелердің бірі мәслихаттардағы партия депутаттарының рейтингісін көпшілікке жария ету бағыты болды.

Жаңа Қазақстан болашағы - ұлт пен мемлекет тағдырын шешетін бетбұрыс болатыны съезде атап өтілді. 

Еуропа мен Батыстың Ресей тарапына салып жатқан санкциялары Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Бұл мәселені Мемлекет басшысы  партияның съезінде ашық айтты.

Ол Қазақстан экономикасы санкция жағдайындағы қиындықтарға дайын болуы қажет деп ескертті. Кризистік жағдайға қарамастан Қазақстан қиындықтардан қиналмай өтуге тиіс екенін мәлімдеді. Осыған орай Үкіметке нақты тапсырмалар берілгендігін атап өтті.

Бірлік бар жерде тірлік болатыны белгілі. Президенттің ойынша қиындықтарды азайтпай да, көбейтпей де бірлесе жұмыс істегенде ғана оны жеңуге болады.

Әрине, ел мен жер мәселесі үлкен экономикалық, саяси және рухани өзгерістерді талап етеді. Ауылды көтеру, жастарды ауылға тұрақтандыру прагматикалық саяси мәселе. Сондықтан да съезде ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа партиялық жоба ұсынылды. Бұл шынында да – назар аударарлық жаңа бағыт. Партияның жарғысына тиісті өзгертулер жасалады. Бұл – заман талабы. Сондай-ақ, 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: 10 жылдықтың 10 мақсаты» және «2025 жылға дейінгі жемқорлыққа қарсы іс қимылдар» бағдарламасы да жаңғырып, жаңа тұрпатта модернизациядан өтетін болады. Жалпы партияның бұл съезі халықтың күткен мәселелерін көтерді ғой деп ойлаймын. Болашақта үлкен міндеттер тұр. Сын сағаты туды, осы сыннан бірге өтейік, қадірлі ағайын!

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Парламент Сенатының депутаты