24 нау, 2019 сағат 13:00

Бақытжан Сағынтаев Президент Әкімшілігінің басшысы болды

ҚР Президенті Әкімшілігіне жаңа басшы келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

"Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды, ол ҚР Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды" делінген ресми хабарламада.

Айта кетсек, Бақытжан Сағынтаев 1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында туды.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Алма-Ата халық шаруашылығы институтының саяси экономика кафедрасының оқытушысы болып бастады.

1988-1992 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеді, ассистент лауазымынан әлеуметтану кафедрасының доцентіне дейінгі жолды өтті.

1992 жылдан 1998 жылға дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты.

1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

1999 жылдан 2002 жылға дейін Қазақстан Республикасының Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымдарында қызмет етті.

2002 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.

2004 жылдан 2007 жылға дейін – Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы болды.

2007 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болды.

2008 жылғы 30 қыркүйекте Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды.

2012 жылдың 20 қаңтарында – Қазақстан  Республикасының  экономикалық даму және  сауда министрі   болып тағайындалды.

2012 жылдың 24 қыркүйегінен бастап – «Нұр-Отан» ХДП  Төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етті.

2013 жылдың 16 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму  министрі болып тағайындалды.

2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - ҚР Өңірлік даму министрі қызметінен босатылып, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары болып тағайындалды.

2016 жылғы 9 қыркүйектен бастап 2019 жылғы 21 ақпанға дейін ҚР Премьер-Министрі қызметін атқарды.

2019 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Үйленген, екі баласы бар.