Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джордж Кролмен кездесті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Кездесу барысында экономика, сауда-саттық және инвестициялар, достық қарым-қатынасты нығайту салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, елші Дж. Кролдың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының қорытындысы шығарылды.
«Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Вашингтонға жұмыс сапарынан кейін байланыс одан әрі нығая түсті. Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстардың арқасында біздің өзара қарым-қатынасымыздың экономикалық құраушысы бұрынғыдан жоғары деңгейге жетті», - деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастар кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне шықты.
ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың өткен жылы сәуір айында Калифорния мен Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Сан-Францискода Бас консулдық ашылды. Онда цифрландыру бағыты бойынша «Зерде», «Астана хаб» компанияларының, «Алатау» технопаркінің біріккен өкілдіктері жұмыс істейді.
Бас консулдық жұмысы аясында Қазақстанның АҚШ-тың оңтүстік-батысымен, соның ішінде Кремний алқабында орналасқан жетекші америкалық компаниялармен ынтымақтастығы дамуда.
Бұдан өзге, кездесу барысында екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты одан әрі дамыту жөніндегі жұмыс жоспарлары талқыланды.
Өз кезегінде, Дж. Крол Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың барлық мемлекеттермен достық өзара қарым-қатынасты дамыту мен нығайту жолындағы стратегиясы мен ерекше рөлін атап өтті.
«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі рөлі елеулі әсерге ие. Қазақстан - 26 жыл бұрын Кеңес Одағының құрамында болған ел, ал бүгінде аймақтағы және жалпы әлемдегі көш бастаушы елдердің бірі. Қазақстан Президентінің саясаты қарым-қатынасты тұрақтандыру үшін көрші мемлекеттерге өте маңызды», - деді ҚР-дағы АҚШ елшісі.