15 қар, 2022 сағат 11:47

Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі шықты

Фото: atpress.kz

Атырау қалалық №2 соты Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Еске салайық, Бақытгүл Хаменоваға алдын ала келісім бойынша пара алды деген айып тағылған болатын.

Сот оны кінәлі деп тауып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Облыстық соттың баспасөз қызметі мәліметінше, Хаменованың кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу үш жылға шегерілген.

31 қазанда Хаменованың ісі бойынша Атыраудың №2 сотында тараптардың жарыссөздері басталған еді. Прокурорлар сотталушыны жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

"Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Мерзімі орташа қауіпсіздік мекемесінде өтелсін. Сондай-ақ, Хаменова "Құрмет" орденінен айырылсын. Сотталушының кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты жазаны үш жылға дейін шегеруді сұраймын", - деген еді прокурор Лаура Асанова.