28 қаң, 2022 сағат 19:25

Бақытбек Смағұл: Қырғыз-тәжік қақтығысы - Орталық Азияның қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер


Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан арасында қарулы қақтығыс, нағыз әскери ұрыс қимылдары жиілеп кетті. Бұл әрине, Орталық Азияның қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Осы екі елдің шекарасындағы шиеленіс кезінде әскери ауыр техника, қаһарлы қару-жарақ, минометтар қолданыла бастады. Өкінішке қарай күні кешегі қақтығыста бейбіт тұрғындар қаза тапты. Қазіргі кезде жағдай тұрақтанды деп хабарлануда: қос тарап атысты тоқтатуға уағдаласқан. Бірақ бұл уақытша бітім», - деді ол. 

Себебі депутаттың атап өтуінше, екі ел арасындағы шиеленіске себеп болатын факторлар сол бойы сақталып қалды. 

«Соның кесірінен былтырғы сәуірде қырғыз-тәжік шекарасындағы ауылдар тұрғындарының өзара айтыс-керісі атысқа және екі ел армиясы тартылған ауқымды шайқасқа ұласқаны есте. Шекаралық бекеттер басып алынды. Қос мемлекет өз шекараларына қарулы күштерін, танктері мен тікұшақтарын аттандырды. Ондаған адам мерт болды, жүздеген жан жараланды. Екі жақ «арандатты» деп бірін-бірі айыптады. Бұл қақтығысқа орталықазиялық қос республика арасында өткен ғасырдан бері шешілмей келе жатқан жер дауы түрткі болды», - деді Бақытбек Смағұл. 

Оның пайымынша, Бішкек пен Душанбе келіссөз үстеліне отырып, жерге қатысты түйткілді бейбіт талқылағаны жөн. 

«Алайда Садыр Жапаров та, Эмомали Рахмон да бір-біріне жол бергісі келмейді, тіпті ұлтарақтай жерді де қарсыласына ұстатуға құлықты емес. Себебі, Қырғызстанда да, Тәжікстанда халықтың ұлттық рухы көтеріліп келеді. Тәжіктер де, қырғыздар да жер мәселесінде бірауызды. Қос президент бұл мәселеде шегініс жасап, халқының ашынысын туғызуға мүдделі емес. Мәселе содан тұйыққа тіреледі. Өйткені Жапаров мырза түрлі-түсті төңкеріс, халық толқуы нәтижесінде билік басына келді, ал Рахмон мырза алда билікті ұлына табыстауды жоспарлап отыр деген ақпарат бар. Демек, екеуі де халық қаһарына ұшырағысы келмейді», - деді депутат.

Бақытбек Смағұлдың атап өтуінше, шекаралық шиеленістердің көбі Ферғана алқабында жүреді. Бұл байтақ даланы Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасы өзара бөліп алуға күш салуда. Адам тығыз тұратын, жері шөлейтті, ресурстары шектеулі бұл жер дау дәнінің өнуіне қолайлы, құнарлы топырақ.

«Негізі, осының бәрі Кеңес Одағынан қалған ауыр мұра болатын. Кеңес билігі Ферғана байтағын елдер арасында біркелкі бөле алмады. Ресурсқа, оның ішінде суға тең қол жеткізе алмағандықтан, осы республикалар тіпті одақ ішінде өзара шәлкем-шалыс келіп қалып жататын. Ол кезде шекаралар әкімшілік шекара қызметін ғана атқарғаны мәлім. КСРО күйреп, тәуелсіз елдер төл мемлекеттік шекарасын белгілей бастағанда проблема тек үстемелене берді. Әр республика өзіне көбірек телім алып қалуға талпынады», - деді ол.

Мәжіліс депутатының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде қырғыз бен тәжік арасындағы шекарада шамамен 70 даулы жер телімі бар. Екі республика арасындағы 971 шақырым ортақ шекараның тек жартысына жуығы, 520 шақырымдайы ғана нақты бекітілген. 

«Оның үстіне кеңес кезінен бері Қырғызстан аумағында тәжіктің Ворух эксклавы орналасқан. Ондағы тәжік ағайындарды Тәжікстанмен жалғыз ғана жол байланыстырады. Бішкек пен Душанбе өз мүддесін ілгерілету, өз сөзін өтімді ету үшін кеңестік әртүрлі карталарды алға тартады. Мысалы, 1924–1939 жылдардағы карта тәжіктерге тиімді: онда Ворух ешқандай эксклав емес, «шығанақ» тәрізді Қырғызстан аумағына сыналай кірген Тәжікстан жері екені көрсетілген. Қырғызстан болса, 1958–1959 жылдардағы карталарды жақтайды, онда Ворух қырғыз территориясымен қоршалған Тәжікстанның эксклавы ғана», - деді депутат.

Бақытбек Смағұлдың айтуынша, бұл аумақта тәжіктер мен қырғыздар бұрыннан тонның ішкі бауындай қоян-қолтық араласып, төскейде малы, төсекте басы қосылып, өмір сүрген. Енді жер дауы халықтар мен елдер арасына іріткі салып отыр. Баткен облысы, Ақсай, Көкташ, Самарқандық, тәжіктің Чорку, Сурх және басқа да шекаралық елді мекендері тайталас алаңына айналып кетті.

«Оның үстіне пандемия екі елдің экономикасына соққы болды, халықтардың онсыз да төмен табысын тіптен азайтты. Жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығы ресурстары үшін қатал күресуге мәжбүр. Бұл мәселе тек бейбіт жолмен ғана шешіле алады. Қос мемлекет делегацияларының жер бөлісу мәселесінде келіссөз үстеліне отыруы маңызды. Бәлкім, қарулы қақтығыс өрши берсе, БҰҰ немесе ҰҚШҰ ұйымдарына бітімгершілерін жіберіп, қырғыз-тәжік шекарасындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі рөлін атқаруға тура келуі мүмкін. Өйткені 2020 жылы пандемия басталғалы қос ел шекарасында он шақты қарулы қақтығыс болыпты. Яғни, жағдай ушыға түскен», - деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, егер мемлекеттер өзара бітімге келе алмаса, алпауыт елдер ішкі ісіне араласуы мүмкін. Мысалы, ақпарат құралдары 2021 жылғы қазанда Тәжікстан өз аумағында Қытайдың база ашуын мақұлдағанын хабарлады. Тәжікстандық базаға меншік құқығы Қытайдың қорғаныс министрі Вэй Фэнхэнің Тәжікстанға сапары кезінде табысталған. Сондай-ақ былтырғы жыл басында тәжік жерінде қытайдың екінші әскери нысанының құрылысы да құпталған.

«Шың елінің Орталық Азияға әскери салада дендей ене бастауы біздің де алаңдаушылығымызды тудырады. Қазір Қазақстан Президенті Қытаймен, Үндістанмен арада Орталық Азия елдерінің саммиттерін өткізуде. Осындай келіссөздер аясында аймақтағы өзге мемлекеттердің бейбіт араағайындығымен қырғыз-тәжік шекарасына қатысты мәселелер шешіліп, дауға түпкілікті нүкте қойылса, игі», - деп түйіндеді ойын Бақытбек Смағұл.