Қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттары енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар инвестицияларының қатысуымен салынатын объектілер құнын арттыруға жол бермеу үшін мемлекеттік сараптама порталында онлайн калькуляторды енгізе отырып, құрылысқа жұмсалатын шығындардың шекті лимиттері белгіленді. Бірегей смета бағасы, олардың анықтамалары әзірленеді. Бұл өңірлер бойынша бір нысанды салу құнының ауытқуын, сондай-ақ жобалау және жобалық-сметалық құжаттамасын сараптау кезеңінде жобалардың смета құнының өсуін болдырмайды», - деді Б. Атамқұлов.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары шағым түспесе тексеруге бара алмайды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары объектілерді пайдалануға қабылдауға қатыспайды.
«Бақылаудың әлсіздігінен құрылыс салушыларда немқұрайдылық байқалады және нысандар кемшіліктерімен қабылданады», - деді министр.
Мемлекеттік бақылауды күшейту үшін мынадай шұғыл шараларды қамтитын заң жобасы әзірленді:
1. Аумақта құрылыс салуды сапасыз жоспарлауды болдырмау мақсатында қала құрылысы сараптамасын енгізу;
2. Құрылыстың барлық кезеңінде объектілерге жоспарлы бақылау енгізу және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы;
3. Пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызмет құру.
«Сонымен қатар, ретсіз құрылыс салуды болдырмау және қала құрылысын жоспарлауды реттеу шеңберінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, халықтың жайлы тұруы үшін қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттары енгізіліп жатыр. Стандарттар біріздендіріледі», - деді ведомство басшысы.
Онда мыналар қамтылады:
- қала аумақтарын кешенді дамыту қағидаттары;
- қала аумақтарын дамыту стандарты;
- қалалардың келбетін қалыптастыру стандарты;
- бос аумақтарды игеру стандарты.
