2004 жылы жалауын желбіреткен Афины олимпиадасы көптің жадынан шыға қоймады. Сол жолғы жазғы олимпиада ойындарында спортшыларымыз бірнеше күміс пен қоланы иеленгенімен, алтын олжалай алмай пұшайман болған. Тек олимпиада ойындарының соңғы сәтінде боксшы Бақтияр Артаев финалда кубалық Лоренцо Арагонды жеңіп, қазақ еліне арман болған алтынды сыйлап еді.
Онымен де шектелмей, әйгілі вэл Баркер кубогын да қанжығасына байлап қуантқан. Бақтияр 2008 жылы Бейжің додасына да қатысқанымен, жолы болмады. Бірақ, Қазақстан оның Афиныдағы ерлігін мәңгі естерінде сақтап, үнемі айтып отырады. Сол себепті де ол қазақ елінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын даңқты батырға айналды. Спорттан қол үзгеннен кейін де Бақтияр көптің назарынан тысқары кетпестен, мемлекеттік қызметке араласты. Шенеунік болған сәтінде де бұрынғы боксшы өзінің білікті маман екенін байқатып үлгерген. Біраз уақыт Жамбыл облысында мәртебелі қызметтерді атқарған соң, оған «Астана» президенттік клубының басшылығының сеніп тапсырылуы да бекер емес еді. Алайда біршама уақыт бұл клубты басқарған соң Бақтияр Ұлыбритания еліне білім алуға аттанды. Ағылшын тілін үйреніп, заманға сай басқарушылық қасиеттің замануи үлгілерін өз бойына сіңіруге ұмтылды. «Талантты жан барлық жағынан да талантты» деген ұғымды дәлелдеуге ұмтылғаны осы қадамынан да анық байқалады. Осы ретте елге келіп, қазақ спортының жәй-күйі үшін жанұшыра еңбек етіп жүрген спортшыдан сұхбат алудың да сәті түскен еді.
Бақтияр, Ұлыбританияда білім алып келгеннен кейін қазіргі таңда «Тарлан батырлар» деп аталатын мекемені басқарып отыр екенсіз. Алған білім мен қазіргі қызметіңізді қалай ұштастырып жатырсыз?
- Дзюдо, еркін күрес, бокс, таэквондо, ауыр атлетика деген спорт түрлері бойынша балаларды жаттықтыруға баса назар аударамыз. Әрі бұл мекеме мемлекет тарапынан да қаржыландырылмайды. Яғни, өзін-өзі асырап отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Бұл мен үшін қызмет тұрғысынан жаңа орта болғанымен, осыған дейінгі атқарған жұмыстарыма ұқсас. Ең жақсысы, сіз басында атап өткендей өзімнің шетелде бітіріп келген біліміме жақын. Яғни, менеджерлік салада өзімді сынап көруге мүмкіндік туып отыр. Осыған дейін де ірі мемлекеттік құрылымдарда, облыстық басқармаларда қызметтер атқарып, біраз тәжірибе жинадым. Англияда алған білімімнің де берері өз алдына бір төбе. Сондықтан, бұл мекеменің жұмысы ешқандай да тұралап қалмайды, керісінше спортқа қызыққан жас буынның тынысын ашып, қызығушылығын арттыра түседі деп ойлаймын. Біз тек үкіметтен субсидия аламыз. Қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде бөлімдеріміз ашылып, аясы кеңейіп жатыр. Ең бастысы біздің орталықтарда балалар тегін білім алып, ақша төлемей-ақ, спортпен еркін жаттыға алады. Бұл Қазақстанның келешегі саналатын жас буынға көрсетіліп отырған үлкен қолдау, тамаша мүмкіндік деп айта аламын.
Сізді бірер мәрте республикалық арналардың эфирінен де байқап қалдық...?
- Иә, Kazsport арнасы ұсыныс жасағаннан кейін отандасымыз әрі бауырымыз Геннадий Головкиннің бірқатар жекпе-жегіне комментаторлық жасадым. Бұл жұмыс өзіме де ұнайды. Жалпы, қарап отырсаңыз, кәсіби спортшылар сұхбат бергенде де, сөйлегенде де алаңдағы спортшылардың жәй-күйін терең түсініп тұрады ғой. Сол тұрғыдан алғанда бұрынғы спортшылардың спорт комментаторы болуын өз басым қолдаймын. Теледидар алдындағы көрермендер әртүрлі пікір айтып, едел-жедел ойға беріліп жатқанымен де, бізге ненің ақ, ненің қара екені көрініп тұрады. Әсіресе, Генаның кездесулерінде оның қалай қимылдап жатқанын, қандай көңіл-күйде тұрғанын, қандай тактиканы жүзеге асыруы мүмкін екенін байқап тұрамын. Маған бұл қиындық тудырмайды. Енді, жалпы елімізде осы саланы, яғни, кәсіби спортшыларды комментатор етіп қалыптастыру жолға қойылса, онда көрерменнің құлақ құрышы қанар еді деп ойлаймын.
Өзіңіз спортпен қош айтысқаныңызға біраз уақыт болса да, қазіргі ұлттық құраманы, оның ішінде әсіресе өзіңіз жұдырықтасқан 69 келідегі оғландарды жиі қадағалап тұратын шығарсыз?
- Әлбетте. Ұлттық құраманың әр қадамын қалт жібермей қарап, боксшыларымызға жанкүйер болып отыруға, кездескен жерде ақыл-ойымды айтып тұруға ешқашан аянып қалған емеспін. Мен өзім боксты 25 жасымды, былай айтқанда тым ерте тастадым. Әрине, ол менің салауатты түрде қабылдаған шешімім болғандықтан, оған еш өкінбеймін. Есесіне өзімді жаңа қырымнан байқап, тәжірибемді жетілдірудемін. Ең басты мақсатымыз – ел спортының дамуына үлес қосу деп түсінетін болсақ, онда менің арманым белгілі бір деңгейде орындалып жатыр деуге болатын шығар. Бірақ, бәрібір шаршы алаңдағы жекпе-жектерді кейде аңсап кетесің. Осыдан 5-6 жыл бұрын боксқа қайта оралып, тағы біраз биікке жетсем бе екен деген ой келіп, жаттығуды бастап та көргенмін. Бірақ, айналама қарасам менің салмағымды атой салатын ұландар өсіп келе жатыр екен. Сондықтан олардың жолын жаппайын деп, қайта райымнан қайттым. Дегенмен, рас әсіресе өзіме ыстық көрінетін 69 келі салмақтағыларды бақылап тұрамын. Қазір енді Данияр ұлттық құрамадан кеткеннен кейін бұл салмаққа бәсекелестер көбейді. Абылайхан Жүсіпов бар. Өте тамаша, талантты боксшы. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында тамаша жетістіктерге жетіп жүрген Садриддин Ахмедовті де есептен шығаруға болмас. Анау «Астана арландары» қатарындағы Асланбек те кез келген сәтте мықтылығын таныта алатын жігіт. Сондықтан, құраманың бас бапкері Мырзағали ағамыз таңдап, іріктеп лайықты спортшыны бекітеді деп ойлаймын. Алда енді күзде болатын әлем чемпионаты бар, одан кейін де біраз турнир күтіп тұр. Әлі Токио олимпиадасына дейін уақыт молшылық. Сол себепті нағыз шын мықты осы салмақтың қожасына айналса қуанышты болар едім. Өйткені, бұл қанша дегенмен «қазақтың салмағы» ғой.
Осыған дейін бірқатар қызмет атқардыңыз ғой. Қазір де спорт саласына жақын жүрсіз. Келешекте сізді қандай мінберден көріп қалуымыз мүмкін?
- Енді не болса да бұйырғаны болады ғой, десе де өзім мемлекеттік ірі қызметтердің біріне барғым келеді. Бұл ретте мен билікті аңсағандықтан емес, сол билікке қол жеткізу арқылы қазақ спортына қайырлы бір әрекет жасасам деймін. Өйткені, әлі де болса біздің спортта қордаланған, шешімін таппаған шаруа жетерлік. Мысалы, бірнеше ай бұрын өзімнің досым, олимпиада чемпионы Серік Сәпиев мәжіліске барып депутат болды. Сол мандаты арқылы ол да бірқатар мәселенің шешілуіне мұрындық болатын шығар. Біле білгенге бұл тамаша мүмкіндік қой. Бірақ, менің осы депутаттыққа еш қызығушылығым жоқ екен. Оның орнына маған салса министрлік секілді құзырлы органда еңбек етіп, пайдамды тигізген артығырақ.
Бос уақытыңызда немен айналысасыз, не нәрсеге уақыт бөлесіз?
- Шынын айтқанда бос уақыт деген көп бола бермейді. Өзім жақсы араласатын достарыммен де анда-санда бір кездесемін. Көбінесе жұмыс, отбасы деп жүріп біраз нәрсеге көңіл аудармай қалып жатамыз. Дегенменде арасында әйтеуір уақыт тауып, игі істерге қол ұшымды тигізгенді жөн санаймын. Мысалы, қайырымдылық шараларына. Соңғы кездері церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға жиі назар аударып, көмектесуге тырысып жүрмін. Солай туғанына олар кінәлі емес ғой. Олардың қоршаған ортаға сай бейімделіп, өмір барысын тауып кетуіне қолымыздан келгенше ықпал етуіміз керек деп санаймын. Біраз уақыт бұрын Астанадағы сондай орталықтардың біріне бас сұғып, балалардың қал-жағдайын біліп те қайттым. Мүмкіндік болса солар үшін ұйымдастырылатын түрлі шараларға, марафондарға да қатысу керек деп отырмын. Және мүмкіндігі бар қазақстандықтарды сондай игі шараларға атсалысуға шақырар едім. Қарап отырсаң, олардың мүмкіндігі тым шектеулі болғанына қарамастан өмірге құштарлық танытып жатады. Ал оның қасында шүкір біздің он екі мүшеміз сау ғой. Сондықтан кейбір жағдайда басымызды салбыратып, қолымыздан келмейді деуіміз ұят деп санаймын. Одан бөлек уақытымды отбасым мен бауырларыма арнаймын. Төрт балам бар. Үлкенім Әлинұрдың спортқа бейімділігі бар екенін байқап жүрмін. Бірақ, әзірге нақты қай спорттың түрін таңдайтынын шешкен жоқ. Қалай болған күнде де таңдауды оның өзінің еркіне салатыным анық. Әзірге барлық спортты байқап, өзіне қолайлысын шамалап жүрген жайы бар. Ал жеке басым қызметтен қолымды босатып, фитнес залдарына жиі барамын. Өзім тер шығармаса жүре алмайтын адаммын. Темір көтеріп, жаттығу жасап, салауатты өмір салтын ұстанғанды жөн көремін.