17 қар, 2020 сағат 04:26

БАҚ: Трамп Иранның ядролық нысандарына соққы беру мәселесін талқылаған

АҚШ президенті Дональд Трамп кеңесшілерімен бірге Иранның ядролық нысандарына соққы беру мәселесін талқылаған. Бұл ақпаратты Америка басылымдары жазды. 

The New York Times-тың жазуынша, Трамп 12 қарашада жоғары лауазымды кеңесшілерімен (арасында вице-президент Майк Пенс, қорғаныс министрі міндетін атқарушы Кристофер Миллер де бар) кездесу кезінде ортаға осындай сауал тастаған. Ол көмекшілерінен Иранның негізгі ядролық нысанына соққы жасау ықтималдығы жөнінде пікірлерін сұраған. Көмекшілері президентті бұл ойынан айнытуға тырысқан. 

Америка шенеуніктерінің бірі 17 қарашада Reuters агенттігіне берген сұхбатында мақалада жазылған жайтты растады.

"Ол қандай амалдар барын сұрады. Олар ықтимал сценарийлерді алға тартты, ақыры бұл бағытта жылжымау туралы шешім қабылдады" деді шенеунік. 

Ақ үй түсініктеме беруден бас тартты. 

Дональд Трамптың кеңесшілерімен кездесуі алдында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Иранның байытылған уран қорын көбейтіп жатқаны туралы баяндамасы жарық көрген болатын. МАГАТЭ сарапшылары Иранның Нетензе комбинатында байытылған уран көлемі 5 жыл бұрын Тегеранмен жасалған халықаралық келісімде көрсетілген мөлшерден 12 есе асып кеткенін жазған. Трамп Иранның ядролық қаруды иемденуге ұмтылысын тоқтата алмайтынын айтып, 2018 жылы келісімнен шыққан еді. 

"Америка дауысы" сайтының жазуынша, Иранның Нетензедегі ядролық нысанына соққы жасау аймақаралық қақтығысты өршітіп, жаңадан сайланған Джо Байден әкімшілігінің сыртқы саясат бойынша жүгін ауырлатуы мүмкін. Еш дәлел келтірмей, қарсыласы Байден командасын "сайлауда дауыс ұрлады" деп айыптап отырған Трамп әзірге билікті тапсыру процесін бастаудан бас тартып отыр. Сол себепті де Байден командасы ұлттық барлау қызметінің ақпаратына қол жеткізе алмай келеді.