01 там, 2020 сағат 09:05

БАҚ: миллиардер Усманов Өзбекстан дәрігерлеріне үстемақы төлеу үшін миллиондаған доллар бөлді

Ұлты өзбек ресейлік миллиардер Әлішер Усманов Өзбекстанның коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан медқызметкерлеріне 100 миллиард сом (шамамен 10 миллион доллар) бөлді. Бұл туралы елдегі UZA.uz мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.

Дәрігерлерге бес миллион сомнан (500 доллар), орта медицина қызметкерлеріне төрт миллион сомнан (400 доллар), көлік жүргізушілеріне үш миллион сомнан (300 доллар) беріледі деп жоспарланып отыр. Үстемақыны тек 1 маусымға дейін жұмысқа алынған қызметкерлер алады.

Ресми дерек бойынша, эпидемия басталғалы Өзбекстанда 22 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ауру салдарынан 130-дан астам адам қайтыс болған. Алайда бейресми дереккөздер шынайы сандар бұдан жоғары деген пікір айтады. Шілде айында ауруға шалдыққандар саны күрт көбейіп, үкімет қатаң карантин шектеулерін енгізді.

Әлішер Усманов – USM Holdings компаниясы мен "Коммерсант" баспа үйінің негізгі акционері. Forbes журналының Ресейдегі ең бай кәсіпкерлер тізімінде Усманов жетінші орында тұр. 2015-2019 жылдары ол қайырымдылық мақсатына 1,3 миллиард доллар жұмсаған, оның 400 миллион доллары 2019 жылдың үлесінде.

2018 жылдың басында АҚШ қаржы министрлігі Әлішер Усмановқа қарсы жеке экономикалық санкция салды. Оны Ресейдегі Кремльмен байланысы бар, саяси беделі ең жоғары олигархтардың бірі деп атады. АҚШ қаржы министрлігі сондай-ақ Усмановтың меншігіне Ресейдің бірқатар белді басылымдары кіреді деп атап өткен. New York Times, Guardian және тергеу журналистері консорциумының зерттеуінше, Әлішер Усманов Facebook желісіне 200 миллион доллар қаражат құйған.