26 сәу, 2020 сағат 08:28

БАҚ: ЕО Пекин қысымынан соң Қытайдағы коронавирус туралы есебін өзгертті

Еуропа Одағы делегациясының жанында тұрған Қытай сақшысы.

Қытайды коронавирус туралы шынайы деректі жасырды деп айыптаған Еуроодақтың есебі Пекин қысымынан кейін өзгеріске ұшырады, деп жазды 25 сәуірде New York Times және Reuters агенттігі.

Журналистердің сөзіне қарағанда, Қытай баяндаманың жариялануына кедергі жасауға талпынған. Ал кейінірек баяндамадағы Пекинді сынаған кейбір абзацтар алынып тасталған, өзгертілген немесе ауыстырылған. 

20 сәуірде жариялануы тиіс болған баяндаманың түпнұсқасы Қытай, Иран және Ресейдің коронавирус індеті туралы ақпаратты үш жақтан барынша бұрмалағанына меңзейді. 

New York Times жазуынша, құжат түпнұсқасында Қытай індетке байланысты жауапкершілікті өзінен сырғытып, халықаралық беделін жақсарту үшін "жалған ақпарат тарату бойынша ғаламдық кампанияның бастауында қала береді" деп жазылған. Бұған қоса, Пекин коронавирус үшін - АҚШ әскерилерін, ДДСҰ жетекшісінің "ар-намысына тигені үшін" француз саясаткерлерін айыптауға тырысқан. 

Алайда баяндама 24 сәуірде кешігіп жарияланды. Онда Қытайдың "жалған ақпарат тарату бойынша ғаламдық кампанияның бастауында тұрғаны" туралы тұжырым және француз саясаткерлерін айыптауы туралы бөлік жоғалып кеткен. 

New York Times жазуынша, құжаттың түпнұсқасында "жалған ақпарат" кампаниясының артында Ресей мен Қытай тұр деген тұжырым жасалса, кешігіп шыққан баяндамада олар "өзгелермен" араласып кеткен. 

Еуропа үкіметтері арасында тараған ішкі баяндамадағы мәліметке сәйкес, "түрлі үкіметтегі ресми және мемлекет қолдайтын дереккөздер (оның ішінде Ресей мен Қытай да бар) Еуроодақ пен одан тыс аумақта коронавирус індеті туралы конспирологиялық әңгімелер мен жалған ақпаратты кеңінен таратқан. 

New York Times және Reuters жазуынша, Еуропа шенеуніктерін баяндаманы кешіктірді, өзгертті деп айыптаған мақалалар көптеген дереккөздерге, ішкі құжаттарға сүйеніп жазылған.