23 қар, 2020 сағат 08:53

БАҚ: Байден Энтони Блинкенді мемлекеттік хатшы етіп тағайындамақ

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден дипломатия саласында ұзақ жыл тәжірибесі бар Энтони Блинкенді мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындайды. 22 қарашада Американың көптеген ақпарат құралдары осылай деп хабарлады.

Егер сенат Блинкен кандидатурасын мақұлдаса, ол Дональд Трамптың төрт жыл бойғы “Бірінші кезекте Америка” саясатын өзгертіп, АҚШ-тың одақтастары мен бәсекелестерімен қарым-қатынастағы “түйткілдерді” шешіп, қалпына келтірумен айналысады. 

Байден 24 қарашада алғашқы тағайындауларын хабарлай бастайды. Бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонның көмекшісі Джейк Саливан Байденнің ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі болады деп айтылады. 

Блинкеннің тағайындалатынын бірінші болып Bloomberg жазды, ізінше қалған ақпарат құралдары растады.

Дональд Трамптың сайлау нәтижесін жарамсыз етуге тырысып, билік транзитіне кедергі жасағанына қарамастан Байден өзінің әкімшілігін жасақтауға кіріскен. Бұрынғы вице-президент 20 қаңтарда инауграциясы өткеннен кейін сайлаушылар алдында берген уәделерін орындауға бірден кірісетінін айтып отыр. Ол осыған дейін коронавирус індетімен күреске басымдық беріп, экономиканы сауықтыруға көңіл бөлуге уәде берген. Байден АҚШ-тың ғаламдық жылынумен күрес туралы Париж келісімі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүшелігін қайтаратынын да жеткізген.

Ол Блинкеннің көмегімен одақтастарымен бұзылған қарым-қатынасты қалпына келтіріп, Қытаймен ушыққан жағдайды реттеуге де күш салмақ.