Мемлекеттік құпияны жария еткені үшін сотталған Қазақстан Gрезиденті әкімшілігі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың қоныс колониясына ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылмаған. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Азаттық.
"20 ақпанда Астана қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотының қаулысымен сотталған Бағлан Майлыбаевтың қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінен қауіпсіздігі ең төмен түзету мекемесіне (қоныс колониясына) ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылмады, - деді Астана сотының баспасөз қызметі.
Ақпаратқа қарғанда, қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ. Майлыбаевтың өзі я оның адвокаты 15 тәулік ішінде қаулыны қайта қарауды сұрауына құқылы.
Астана қалалық соты Gрезидент әкімшілігінің бұрынғы жоғары шенді қызметкері Бағлан Майлыбаевты 2017 жылы бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен.
«Қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды» және «мемлекеттік құпияларды заңсыз жинап, таратып, жария етті» деп айыпталған Бағлан Майлыбаев, қылмыс жасағанын мойындап, процессуалдық келісім жасасқан.
Сот Майлыбаевқа дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруға үкім еткен.