Президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевқа қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.
Мәлімет бойынша, 2017 жылғы 13 маусымда Астана қаласы №2 Есіл аудандық соты ҚР ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігі, 185-бабының 3-бөлігінде қарастырылған қылмыстарды жасағанын мойындау туралы келісіммен сотқа келіп түскен Майлыбаев Бағлан Асаубайұлына және Галихин Николай Николаевичке қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот үкімімен Б.Майлыбаев жоғарыда көрсетілген баптар бойынша кінәлі деп танылды және оған мүлкі тәркілене отырып, мемлекеттік органдарда лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Н.Галихин ҚР ҚК-нің 185-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік органдарда лауазымды атқару құқығынан 3 жылға айырып, 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ, сот үкімімен Қазақстан Республикасы Президентіне сотталғандарды барлық мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс берілді.
Үкім заңды күшіне енді. Құпиялылықпен байланысты қылмыстық іс жабық сот отырысында өтті.