Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин таяуда мобильді интернет жүргізілген, Нұр-Сұлтаннан 250 шақырым қашықтағы ауылда болып қайтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«250 шақты адам тұратын ауылдарға интернет жеткізу бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмысты өз көзіммен көріп қайтайын деп, биылғы жылдағы соңғы іссапарымды Нұр-Сұлтаннан 250 шақырымдағы Бірсуат атты ауылында өткіздім. Бұл ауылда 400-ден астам адам тұрады, мектеп те бар. Ұялы интернет осы жылы пайда болып, енді ауыл тұрғындары 4G арқылы жан-жақтағы ағайын-туыстарын видеобайланыспен құттықтай алатынына ризамын.
Bailanys. Bar арқылы интернет сапасын өлшеп едім, 40 Mbps жылдамдығымен ұшып тұр екен», - деп жазды Бағдат Мусин Instagram-дағы парақшасында.
Министр осындай жылдамдықты бүкіл жерде жүргізу үшін байланыс операторларымен бірге әлі талай жұмыс жүргізетінін жеткізді.
«Бірақ нәтижелеріміз әрине көрініп тұр. Пандемия мен аязға қарамастан жұмысты жалғастырып жатқан барлық құрылысшыларға және инженерлерге алғыс айтамын!», - деді Бағдат Мусин.