Бүгін Үкімет алаңында онлайн-режимде өткен отырыс қорытындысы бойынша ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов төтенше жағдай кезінде азық-түлікпен және алғашқы қажетті тауарлармен қамтамасыз ету туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kzсайтына сілтеме жасап.
«Қазіргі таңдағы басты міндетіміз – халық тіршілігін азық-түлікпен және алғашқы қажеттіліктегі тауарлармен үздіксіз қамтамасыз ету. Үкімет алдына қойылған бұл міндет Мемлекет басшысының кешегі жарлықтарында және үндеуде айтылды. Осы күрделі жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетіні айтылды. Жоғарыда атап өткеніміздей, тауарларды артығымен сатып алып, дүрлігудің қажеті жоқ. Барлық сауда нысандары толық режимде жұмыс істейді. Ірі нысандар бойынша шектеу бар. Бұл, азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін ғана жасалған. Дегенмен, тұтастай алғанда, өніммен қамтамасыз ету толық көлемде ұйымдастырылады. Ол үшін қосымша шаралар қабылданды», — деп түсіндірді Б. Сұлтанов.
Біріншіден, әкімдіктер бәсекелестікті дамытуды қорғау органдарымен, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарымен бірлесіп баға өзгерістеріне тұрақты мониторинг жүргізеді, бағаны сөз байласып белгілеуді болдырмайды.
«Бағаның негізсіз өсуіне әрекет жасаған кәсіпкерлерге баға өткен аптаның басындағы деңгейіне оралуы тиіс екенін хабарлаймын. Егер бұлай болмаса, онда барлық қолда бар құралдар қолданылатын болады. Соның ішінде жоғарыда айтып өткенімдей, Президент Жарлығында айтылғандай, Үкіметке шекті бағаларды енгізуге мүмкіндік берілді. Бұл, ең соңғы шара, бірақ бұл біздің кәсіпкерлер ТЖ кезінде бизнес тарапынан әлеуметтік жауапкершілікті де қамтамасыз ету қажеттігін түсінуі үшін тиімді құрал. Осындай жағдайда азаматтардан пайда тауып қалуға біз жол бермейміз», — деп мәлімдеді сауда министрі.
Екіншіден, тауарларды теңдестірілген және өңіраралық бөлу үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі жағдайда өңірлер азық-түлікті жеткізуді қамтамасыз етумен белсенді айналысады және өңіраралық жеткізілім ұйымдастырылған. ҚР АШМ тарапынан өнім өндірушілер мен трейдерлердің тізімі бойынша тиісті ақпарат өңірлерге берілді.
Үшіншіден, «айналым схемасы» деп аталатын бағаны тежеудің нарықтық құралдарын қолдану кеңейтілді. Жергілікті атқарушы органдар сауда желілерімен белсенді жұмыс жүргізуде, олар азық-түлік өндірушілермен тікелей жұмыс істеу және оларды салу бойынша өзіне міндеттемелер алады, оның үстіне қазір жеткізу маусымы, оның ішінде оңтүстіктегі көршілерден басталады және бұл схема өткен жылы жақсы нәтижелер көрсетті. Барлық облыстар осы схемаға белсенді түрде қосылады.
Төртіншіден, тауарлар тапшылығы орын алған жағдайда Тұрақтандыру қорлары мен Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті де тауар интервенцияларын жүргізе алады. Бірақ мұндай тапшылық болады деп күтілмейді.
Бесіншіден, жергілікті атқарушы органдардың белсенділігі пысықталуда және көшпелі сауда бағдарлары бекітіледі.
«Дүрлікпе жасаудың қажеті жоқ. Жергілікті атқарушы органдар сауда нысандарымен бірлесіп, өнімнің қолжетімділігін барынша қамтамасыз ететін болады. Тек ірі сауда орталықтарының жұмысы шектелген, тек сауда-ойын-сауық бөлігінің жұмысы тоқтатылған, дегенмен СОСО-лардағы фуд-корттарға өнімді үйге жеткізуге көшуге мүмкіндік берілді», — деп түйіндеді Б. Сұлтанов.