16 нау, 2020 сағат 12:01

Азық-түлік бағасының негізсіз өскені туралы хабарлау керек - министр

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров азық-түлік бағасының негіз өскен жағдайда қазақстандықтарды осы факті жайында хабарлауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бізде тиісті тетіктер ескерілген. Осы арқылы Сауда министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі тауар бағасына бақылау жүргізе алады. Бұл тұрғыда азық-түлік бағасының күрт көтерілуіне жол бермеу ескеріледі», - деді министр Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Оның атап өтуінше, бүгінде еліміз дүкендері қажетті тауарлармен қамтамасыз етілген. 

«Дүкендердегі сөрелер бос тұрған жоқ. Бізде колл орталық бар екенін хабарлаған болатынбыз. Әрбір қазақстандық аталған колл орталыққа хабарласып, себепсіз жоғарылаған өнім бағасы туралы айта алады. Өз кезегімізде осы фактіні бірден тексереміз», - деді С. Омаров. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы министрі негізгі азық-түлік тауарларының 29 түрі бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты. 

Сонымен қатар Сапархан Омаров қоймалардағы азық-түлік қоры қай көлемде екенін мәлім етті.