12 қаң, 2022 сағат 11:48

Ажар Ғиният коронавирус өршіген өңірлерді атады


Еліміздің 12 өңірінде коронавируспен ауырғандар саны 2,8 есеге артып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы 2 аптада коронавирус инфекциясы ауруы 12 өңірде 2,8 есе өсті. Бұл ретте соңғы аптада ауру Нұр-Сұлтан қаласында 9,9 есе, Шымкент қаласында 3,7 есе, Алматы қаласында 2 есе артты», - деді Ажар Ғиният. 

Оның атап өтуінше, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы коронавирустың «Омикрон» түрінің анықталуына тікелей байланысты.

«Генетикалық зерттеулердің нәтижесі бойынша қаңтардың басында «Омикрон» Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды. «Омикронның» ерекшеліктері – ауру жылдам жұғады, қайта жұқтыру қаупі жоғары. «Омикрон» жоғарғы тыныс алу жолдарында «Дельтаға» қарағанда 70 есе жылдам көбейеді. Ауру жағдайлары 2-3 күнде екі есе өседі. Бұл аурудың жылдам көбеюіне әкеледі. Бұл ретте, алдын ала аралық зерттеулер ревакцинация аурудың ауыр түрлерінен, ауруханаға жатқызудан және өлімнен 70 пайызға дейін қорғайтынын көрсетеді», - деді министр.