15 нау, 2021 сағат 10:00

Әзербайжан этносы қазақ тілін жақсы меңгерген – диаспора өкілі

Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамы қарсаңында «Ұлт» ақпараттық порталы түрлі ұлт этностары өкілдерін әңгімеге тартып, тарих пен болашақ туралы сырласып көрді.

Осы орайда, әзербайжандардың этно­мәдени бірлестіктерінің қызметін Қазақстан Әзербайжандарының «Вэтэн» конгресі қадағалайтыны белгілі. Бұл халық Отанымыз біреу, ол – тәуелсіз Қазақстан деп біледі. Бұл сөзімізді әзербайжан диаспорасының өкілі Эльмар Мамедъяров қолдайды.

«Бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан қазақстандықтар ретінде түрлі ұлттық мейрамдарда да бір үйдің баласындай бірлесіп концерттік бағдарлама ұйымдастырамыз. Мысалы, Наурыз тек түркі тілдес халықтардың мерекесі дегенімізбен, ассамблеядағы өзге этномәдени бірлестіктер де қалмай қатысып, барлық іс-шараға өз үлесін қосуды әдетке айналдырған. Сондай-ақ ҚХА жанындағы қай этномәдени бірлестік болса да, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Мұның өзі біздің біртұтастығымыздың көрінісі деп білемін. Қазақ даласында өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілі қазақ тілін біліп қана қоймай ол тілде жақсы сөйлеуге міндетті. Себебі, бәріміздің Отанымыз біреу. Ол – Тәуелсіз Қазақстан», - деді ол.

Эльмар Мамедъяровтың айтуынша, әрбір этнос өкілі қазақ халқының жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпайды. Сол үшін қазақтың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сыйлай, құрметтей отырып татулық туын үнемі биікте желбірету азаматтық борышымыщз деп біледі.

«Ал татулық, бірлік, ынтымақ – біздің ең басты байлығымыз екенін ұмытпайық», - дейді Эльмар.

Диаспора өкілінің айтуынша, әзербайжан этносының топтасып тұратын жері жетісуң топырағындағы Көксу ауданы. Осыдан 20 жыл бұрын аталған ауданда әзербайжан «Нахичивань» орталығы облыстың мәдени және қоғамдық ұйымы құрылған. Аталған орталық әртүрлі форматтағы шараларды ұйымдастырып, жыл сайын өткізілетін әзербайжан мәдениеті фестиваліне, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Өмір үшін күрескендерге тағзым» республикалық акциясына ерекше атсалысады. Сонымен бірге «Наурыз Байрам», Құрбан айт және Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған қайырымдылық шарасын атап айтуға болады.

Өз қлтының ерекшелігі мен қазақ халымен ұқсастықтары хақында Эльмар Мамедъяров біраз сыр шертті. Оның айтуынша, әзербайжандардың ұлттық киімдері халықтың тарихымен, рухани және материалдық мәдениетімен тығыз байланысты.

«Бізде ер адамдардың киімдері: уст кейнейи (жейде), габа және чуха (екеуі де иыққа жабылады), кюрк (қой терісінен жасалған тон). Папах, яғни, бас киім әрбір ер азаматтың абыройы саналады, оны жоғалтып алу намыстан жұрдай болумен пара-пар. Джораб аталатын шұлық та кез келген аяқ киімнің ішінен киіледі.Әйелдердің үстіңгі киімі чадру, бетті жабатыны рубенд деп аталады. Бастарына барқыттан тігілген әртүрлі пішіндегі тақияларды киіп, астына орамал тағады. Кейбір киімдерде чутгу деген шаш салатын жасырын қалталары болады. Қазақтың қасиетті жерін мекен еткен әрбір этнос өкілі қазақтың бауыры. Бұл – татулық пен ынтымақтастықтың айқын көрінісі», - дейді әзербайжан азамат.

Айта кетейік, алғашқы әзербайжан  этносының  өкілдері  Қазақстанға ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында сталиндік репрессияның нәтижесінде, сондай-ақ тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында келді. Әзербайжан  этносы  өкілдерінің  саны  130  мыңға  жуық адамды құрайды. Әзербайжан этносы өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін жақсы меңгерген. Олар бұл күндері Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жинақы орналасқан.