05 нау, 2018 сағат 15:32

Азат Перуашев жатақхана мәселесі шешімін табады деген үмітте екенін жеткізді

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды атап өтіп, студенттерді жатақханамен қамту мәселесін қозғады. Осы орайда Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кезінде өзінің де қазақ жастарының баспанасыз жүргенін айтып, оларды жатақханамен қамтамасыз етудің жолын ұсынғанын, бірақ бұл бастама БАҚ тарапынан сынға ұшырағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Былтыр мен ауылдан қалаға келген қазақ жастарының жағдайын ойлап, оларды жатақханамен қамтамасыз ету туралы бастама көтердім. Өкінішке қарай, орыстілді басылымдар мені басқаша түсінді», - деді ол.

Осы орайда депутат ауылдардан қалаларға елімізде кем дегенде 300 мың жас көшіп келетінін, ал еліміздегі мемлекеттік бағдарлама бойынша тек 100 мың пәтер салынатынын жеткізді. Оның айтуынша, қалаға келген 300 мың жастың 200 мыңы пәтерге қол жеткізе алмай, жүреді екен.

«Олар тапқан ақшасын жалға алған пәтеріне жұмсайды. Тіпті, жастар «пәтерді ипотекаға аламыз» деген үміттен айырылып отыр. Ал менің өткен жылғы жатақханалар туралы ұсынысымды орыстілді басылымдар бытшытын шығарып, жамандап тастаған. Қазақтар да ( қазақтілді басылым – автор) менің бастамамды дұрыс түсінген жоқ. Бірақ барлығы қателеседі ғой. Ол - бөлек әңгіме. Бірақ елімізде жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өте өткір күйінде қалып отыр. Қазақстанда қаншама университеттер мен білім беретін мекемелер өз студенттерін жатақханамен толық қамти алмай отыр», - деді Азат Перуашев.

Сонымен қатар депутат бүгін жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне Президенттің өзі араласқанын айтып, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген үмітте екенін жеткізді.

«Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарау қажеттігін айтып, арнайы тапсырма берді. Қазіргі таңда мемлекет осы мәселеге назар аударды. Президент аталған мәселенің бұрыннан бар екенін айтты. Енді оны шешу үшін тиісті жұмыстар жасалуы қажет», - деп түйіндеді сөзін Азат Перуашев.