Азаматтық қызметшілердің жекелеген санатының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы жария еткен бастамаларға сәйкес еңбекақы төлеуді арттыру бойынша келесі іс-шаралар қабылданады. Бірінші, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 60 мың теңге мөлшерінде белгілеу туралы норма енгізіледі. Аталған іс-шара экономиканың барлық саласында жұмыс істетін 1 млн 650 мың жалдамалы қызметкердің ақшалай табысының артуына алып келеді. Бұл сондай-ақ разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, басқа да қызметкерлердің кірістерін арттыруға мүмкіндік береді», - деді министр.
Оның айтуынша, екіншіден, азаматтық қызметшілердің жекелеген санатының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленеді.
«Нәтижесінде 2022 жылдан бастап олардың жалақысы орташа есеппен жыл сайын 20 пайызға артып, 2025 жылға қарай екі есеге ұлғаяды. Ең төменгі жалақы келесі жылдан бастап 49 мыңнан 60 мың теңгеге дейін немесе 22 пайызға өседі», – деді министр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының әлеуметтік масылдықты төмендетуге және мұқтаж жандарға көмек көрсетуге қатысты тапсырмалары әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодексте ескерілетінін айтты.
