Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына министрліктің қазіргі жұмыстары мен «үлкен деректерге» және жасанды интеллектке талдау жасауға байланысты «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жобаларының жүзеге асырылуы туралы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктің жүргізіп жатқан жұмыстарының өзектілігін атап өтіп, көрсетілетін мемлекеттік қызметті және жалпы экономиканы цифрландырудың маңызды екенін айтты.
– Бүгінде түрлі дәрежеде кедергі келтіретін үдерістердің бәрін жойып, оларды автоматтандыру керек. Азаматтар сапалы мемлекеттік қызметті ешқандай қиындықсыз, автоматты түрде алуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына еліміздегі қалыптасып жатқан инновациялық экожүйе мен оның негізі саналатын «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі туралы мәлімет берілді. Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, қазіргі таңда технопарк қалыпты жағдайда жұмыс істейді және оның әлеуеті толыққанды пайдаланылуда. 260-тан астам компания акселерациядан өтті. Соның арқасында Қазақстанға 28 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылды.