Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі
Танымал актер Азамат Сатыбалды Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті қызметіне тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа басшыны киностудия ұжымына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов таныстырды. Министр «Қазақфильм» киностудиясының жұмысын үйлестіру абыройлы әрі жауапты міндет екенін айтты.
«Отандық киноөнерінің «қара шаңырағы» саналатын Қазақфильм - ауқымды және күрделі өндірістік ұйым. Былтыр киностудия жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Мемлекет басшысының киностудия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 87 техникалық жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта, модернизацияның 2 кезеңін бастау керек», - деді Оралов.
Ол министрлік 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл ретте прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Министр киностудияның жаңа басшысы мен ұжымына сәттілік тілеп, табысты жұмыс атқаратынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалды ұзақ уақыт М.Әуэзов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті. Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын 3 жыл бойы басқарды. Бүгінгі күнге дейін, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарып келген.
Ол 1977 жылы Жамбыл облысы, Луговое ауылында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген.