Венада ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 24-ші отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 24-ші отырысына және Ұйымның өзекті міндеттерін, сондай-ақ еуро-атлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі сын-тегеуріндерді талқылау үшін Венада жиналды.
Отандық делегацияны Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов басқарып барды және оның баяндамасы Кеңестің бірінші пленарлық отырысын ашты.
Қайрат Әбдірахманов отырыс қатысушыларына жолдаған үндеуінде Қазақстан Президентінің белсенді қызметінің арқасында Ұйымның ХХІ ғасырда қабылданған жалғыз саяси құжаты - 2010 жылғы ЕҚЫҰ Саммитінің Астана декларациясында белгіленген идеялары мен қағидаттардың өзектілігі сақталатынын атап өтті.
Қ. Әбдірахманов әріптестерінің назарын жалпыға ортақ диалог пен жанжалды жағдайларға бірлесе жауап қайтару және олардың алдын алу бойынша келісілген іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастырудың маңыздылығына аударыпты. Сонымен бірге, Қазақстанның басымдықтары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі және Еуразия аумағындағы медиация әрекеттері ретінде анықталады.
Қазақстандық дипломат Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция мен Терроризм мен экстремизмге қарсы жаһандық іс-қимыл бойынша әрекет кодексін құру туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларын ұсынып, ЕҚЫҰ-ның ШЫҰ, ҰҚШҰ және 2018 жылы Қазақстан төрағалық ететін Азия кеңесімен өзара ықпалдастығын нығайту үшін нақты қадамдарды іске асыруға шақырды.
Министр ағымдағы және болашақтағы қауіпсіздік саласындағы әскери сын-тегеуріндер бойынша құрылымды диалогтың басталғанын жоғары бағалады. Бұл механизм сенімді қалпына келтіру және әскери белсенділіктің, әскерлер концентрациясының және оның салдары ретінде әскери оқиғалар қаупінің өсуіне жол бермеу мақсатында ЕҚЫҰ аумағындағы қару-жараққа бақылау жөніндегі диалогты іске қайта қосу үшін арналған. Еліміздің оған белсенді қатысуына әзірлігі айтылды.
Қазақстан тарапының пікірінше, ЕҚЫҰ шеңберінде пәтуа, тұрақтылық пен ынтымақтастықты құру бойынша Ұйымның экономикалық-экологиялық өлшемі де сындарлы рөл атқаруы тиіс. Бұл бағытты одан әрі дамытудың негізі - Президент Н.Назарбаевтың бастамаларына толығымен сәйкес келетін жаһандық және өңірлік интеграциялық үрдістерді біріктіру болуы мүмкін.
Сонымен қатар, Қ. Әбдірахманов ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Томас Гримингердің тақырыптық миссияларды құру жөніндегі бастамасын құптады. Бұл тұрғыда Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы ЭКСПО-2017 алаңын Астанада «ЕҚЫҰ-ның өзара байланыс және жасыл экономика жөніндегі орталығын» орналастыру үшін қолдануды ұсынды.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің төрағалығымен өтетін СІМК қарсаңында тараптар ЕҚЫҰ-ның күн тәртібіндегі тәсілдер және екі ұйым арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу орын алған ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтті. Мұндай ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары ретінде Қазақстан, ҰҚШҰ-ға төрағалығының өзінің басымдықтары тұрғысында, терроризм, киберқауіпсіздік және заңсыз есірткі айналымына қарсы күреске ерекше назар бөлуді ұсынды.
Бірінші күні СІМК аясында Қ.Әбдірахманов Аустрия, Италия, Македония, Моңғолия, Нидерланд, Эстония мен Еуропалық Одақ делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, әріптестерімен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Еуропалық серіктестермен орын алған пікір алмасулар барысында отандық дипломат Қазақстан мен Еуропа елдерінің азаматтары арасындағы байланыстарды нығайту, оның ішінде визалық режимді жеңілдету қажеттігін атап өтті.
ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы - Аустрияның Сыртқы істер және интеграция министрі Себастьян Курцпен кездесуі барысында Қазақстан-Аустрия қарым-қатынастарының бүкіл мәселелері бойынша пікір алмасу орын алды. Ерекше назар сауданы әртараптандыру мүмкіндіктеріне қойылып экономикалық ынтымақтастықтың дамуына, сондай-ақ құқық қорғау органдары арасындағы тікелей байланыс орнатуды, екіжақты келісімдерге қол қою және Қазақстанның Еуропа Кеңесінің құқықтық құралдарына қосылуды қамтитын құқық саласындағы ынтымақтастыққа аударылды.
Сонымен қатар, Қ.Әбдірахманов С. Курц басқарып отырған Аустриялық халық партиясының биылғы қазан айында парламенттік сайлауындағы жеңісімен құттықтады және үкімет қалыптастыруда табыстар тілеп, Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Еуропалық Одақ Сыртқы саяси қызметінің Бас хатшысы Хельга Шмитпен жаһандық күн тәртібі бойынша көлемді әңгіме болды. Дипломаттар Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру мәселелерін, Таяу Шығыс және Ауғанстандағы ахуалды егжей-тегжей қарастырды. Еуропалық тарап Қазақстан Президентінің ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы күш-жігерін, сондай-ақ еуразиялық құрлығындағы жанжалды жағдайларды реттеу үдерісіндегі рөлін атап өтті.