31 там, 2021 сағат 18:50

Айжан Ташенова: «Байбек барлық ақшаны аутизмі бар балаларға аударды»



Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің арызы бойынша жария түрде өткен сотта жеңілген Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваға қатысты шешім бойынша атқарушылық іс жүргізу жалғасып жатыр.

Бүгін белгілі болғандай, Жанболат Мамай мен Инга Иманбаева 27 тамызда, яғни шоттарына тыйым салынғаннан кейінгі екінші күні 876 402 теңге көлеміндегі сот шығындарын дереу өтеген. Бұл туралы Байбектің заңды өкілі Айжан Тәшенова Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сот шешімін орындамайтыны туралы мәлімдемелері мен қитұрқы әрекеттеріне қарамастан, Мамай мен Иманбаева шешімді мәжбүрлі түрде асығыс орындады. Сонымен, демалыс күндері олардың шоттарынан алынған қаражат сот орындаушысының депозитінде болды. Ал бүгін, бірінші жұмыс күні Б.Байбектің өтініші бойынша қаражат аутизмі бар балаларға жәрдем үшін «Болашақ» корпоративтік қорына аударылды», - деп жазды заңгер. 

Тәшенованың айтуынша, Мамай мен Иманбаева өз еркімен емес, мәжбүрлеу арқылы қоғамға қандай да бір пайдалы нәрсе жасаған.

Сондай-ақ бүгін Байбектің заңгері Ғалым Байтоқ, Айдос Жұқанұлы, Асхат Садырбаймен бірге тікелей эфирде талапкердің талап-арызы бойынша сотқа ұсынылған Мамайдың дәлел деп атаған материалдарын көпшілік алдында ашық талқылады. Шараға Мамай мен оның жақтастары шақырылғанымен, заңгер олардың бірі де төбе көрсетпегенін хабарлады.

Естеріңізге салсақ, Алматы қалалық апелляциялық соты Бауыржан Байбектің ар-намысын, іскерлік беделін қорғау мақсатында Мамайға қарсы берген талап-арызына қатысты шешімін сол күйінде қалдырған болатын. Осылайша Мамай мен оның әйелі Иманбаева Байбек туралы «YouTube» арнасында орналастырған видеоны өшіруге және 876 мың теңге сот шығынын өтеуге міндеттелген еді. Бұл соманы талапкер аутизмі бар балаларға қайырымдылық көмек ретінде жолдайтынын хабарлаған.