08 қар, 2024 сағат 17:28

Айжан Аймағанова құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндейтін акция бастауға шақырды

Фото: Голос Народа

Прокурор Айжан Аймағанова ҚХА Аналар форумында «Заң мен Тәртіп: құқықтық тәрбиені қалыптастырудағы отбасының рөлі» тақырыбында сөз сөйлеп, құқықтық тәрбие беру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.

Аймағанова кейінгі кездері жастар арасында зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақылық фактілері, балаларға қатысты қылмыстардың артқанын айтып, отбасында тәрбие құлдырап бара жатқанына назар аудартты. 

«Заң мен тәртіп принципі тек мемлекет деңгейінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы үйлесімділікке, күнделікті қарым-қатынасымыз бен байланысымызға да ықпал етеді.
Жұмыс барысында жасөспірімдер жасаған заң бұзушылықтарға жиі куә боламын. Ұсақ бұзақылықтан бастап, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту секілді заң бұзушылықтардан бастап, салдары ауыр қылмыстарға дейін кездеседі.
Жасөспірімдердің өз тәжірибесінің аздығы мен білместігінен шектен шығып, заңды бұзуы жанға батады. Мұның бәрі тек заңдарды сақтағанда ғана болдырмауға болады», - дейді Айжан Аймағанова.


Прокурор балаларға заңның үстемдігі мен қате әрекеттердің салдары туралы айтып, оларды қателіктерден қорғауымыз қажет деп есептейді.

"Сонымен бірге, біз өзіміз де балаларымызға заңды, тәртіпті және әділдікті құрметтеу үлгісі болуымыз керек. Заңдарды сақтай отырып, біз оларға заңға бағынудың қаншалықты маңызды екенін үйретеміз. Балаларға осы қағидаларды сіңіре отырып, біз өз мемлекетімізді нығайтып, әділетті қоғам құрамыз", - деді прокурор.


Аймағанова Аналар кеңесі аясында «Тәртіпті өзіңнен баста!» қоғамдық акциясын бастауға шақырды. Оның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндеу, құқық бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктің алдын алу, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін насихаттау. 

Сөз соңында заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты биік қоюға әр азамат, әр отбасы өз үлесін қосуға міндетті екенін атап өткім келеді", - деді Айжан Аймағанова.