Жоғары оқу орындары ғылым саласындағы міндеттерін дұрыс атқаруы керек. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның бүгінгі жалпы отырысында осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысы ғылым саласын дамыту мәселесін ерекше назарда ұстап отырғанын жақсы білесіздер. Ғылымға қаржыландыру жағынан да, басқа мәселелер бойынша да үлкен көмек көрсетіп отыр. Сондықтан біз осы саланы дұрыс игеріп, жолға қойып, жұмысты ашықтық қағидасымен ұйымдастыруымыз керек. Жоғары оқу орындары да осы жұмысқа белсенді түрде араласуға тиіс. Ректорларға да жиналыс кезінде айттым: әр факультетте декандардың ғылым жөніндегі орынбасарлары бар. Кафедра да ғылым бойынша есебін тапсырады. Ғылым жөніндегі проректорлар да бар. Бірақ осының бәрі болғаннан кейін нәтиже де болуы керек қой. Коммерциализация кеңселерін ашып қойдық. Бірақ соның мазмұны қайда? Осы мәселелерге ерекше назар аударып, жоғары оқу орындары осы жұмыстарды белсенді түрде орындауға тиіс», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің жалпы отырысында.
Министрдің айтуынша, ғылым саласын цифрландыру саласында да мәселелер жоқ емес.
«Бюрократиялық кедергілерді жою керек. Басқару жүйесінде де әртүрлі бюрократиялық кедергі көп. Оны өздеріңіз білесіздер. Біз біразын жойып, алып тастадық. Бірақ десе де әлі бар. Бізге керегі: ғылыммен айналысатын әріптестерімізге тек өз жұмысымен айналысуға жағдай жасау керек. Әртүрлі қағазбастылық, есеп беру дегендердің өзі әрине, үлкен кедергі. Әлбетте, олардың бәрін биыл шешкеніміз жөн», - деді ол.
Министр сонымен қатар ғылым комитетіне кадр даярлау, зертханаларды дамыту мәселелеріне баса назар аударуы керектігін жеткізді.