27 қыр, 2021 сағат 20:12

Аймағамбетов оқушыларға қажетсіз «басы артық» пәндер жайында пікір білдірді


Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «мектепте кейбір қажетсіз пәндерді оқытпау керек» деген пікірге қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, еліміздің көп мектептерінде балалар аптасына 5 күн оқиды. Өкінішке қарай, кейбір орын тапшы мектеп оқушылары 6 күндік жүйемен оқуға мәжбүр. Ондай сыныптар бар. Әрине, ол ыңғайсыздық туғызады. Осы жерде бір жайтты анықтап алу керек, бұл - еліміздегі мектеп жетіспеушілігінен емес, бар мектептегі орынның тапшылығынан туындап отыр. Келесі бір маңызды мәселе - мектептердегі қажет немесе қажет емес деген пәндер жайында. Өздеріңіз білетіндей, білім беруде типтік оқу жоспары, оқу бағдарламасы және мемлекеттік стандарт бар. Сондықтан «мына пән керек, анау керек емес» деу - дұрыс емес. Еліміздің жалпы білім беру мемлекеттік стандартына сәйкес, балалар үшін барлық пән қажет және маңызды», - деді Асхат Аймағамбетов Үкімет үйінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, министр еліміздегі мектеп тапшылығы проблемасына тоқтала келе оның шешілетінін айтып сендірді.