28 мам, 2021 сағат 13:16

Аймағамбетов мектеп директорларын ауыстыру қалай жүргізілетіндігін түсіндірді


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын ауыстыру қалай жүргізілетіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін халықпен есеп беру кездесуін өткізген министрге мұғалімдердің бірі: «Ұстаздарды бір аймақтан екінші аймаққа ротациясы жүргізілуде дейді халық. Біз құстар емеспіз ғой, ана жақтан мына жаққа ұшатын. Ол не сонда?», - деп сауал жолдаған болатын.

Осыған орай Асхат Аймағамбетов мұның теріс ақпарат екендігін баса айтып өтті. 

«Ротация мұғалімдерге қатысты емес, мектептердің басшылығына, директорларға ғана қатысты тетік. Директорларға қатысты дегеннің өзінде де мысалы бір директорды Петропавлдан Түркістанға жіберу деген емес. Ротация болса да ол бір қаланың ішінде жүргізіледі. Сондықтан бір өңірден екінші өңірге жіберу деген мәселе заңнамамызда көрсетілмеген. Мұғалімдер бойынша ротация мәселесі мүлдем жоқ», - деді министр.