27 қаң, 2023 сағат 18:21

Аймағамбетов: "Бұл – оқу-ағарту саласы үшін орны толмас қаза..."

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сенатор Гүлмира Кәрімованың отбасы мен туыстарына көңіл айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Әріптесіміз - білім беру саласының үздігі, ұстаз, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Раинбекқызы дүниеден өтті. Сену қиын. 

Кеше ғана Сенат депутаты болып сайлануымен телефон арқылы құттықтағанымда, дүйсенбі күні кабинетіне барып, жеке құттықтап, кездесеміз деп жоспарлап отыр едік.

Өте еңбекқор, өз ісінің шебері болған бірегей қызметкер еді. Күн-түн демей еңбек етті. Өте мейірімді, көркем мінезді, білімді тұлға" - деп жазды экс-министр Facebook парақшасында.

Аймағамбетовтың сөзінше, осындай жақсы азаматшамен бірге жұмыс істеу үлкен мақтаныш болған.

"Гүлмира Раинбеққызы білім беру саласының барлық деңгейінде жауапты қызмет атқарды. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастап, мектеп директоры, қалалық білім бөлімінің басшысы, облыстық білім басқармасының басшысы, министрліктің Орта білім комитетінің төрағасы қызметіне жетіп, еліміздің білім беру саласын дамытуға үлкен үлес қосты.

Бұл - оқу-ағарту саласы үшін орны толмас қаза. 

Әрқашан күлімдеп жүріп, ұжымды біріктіріп, барлық тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап, министрліктің сыйлы да қадірлі қызметкері болған Гүлмира Раинбеққызының иманы саламат болсын! Барлық жақындарына, туыстарына, шәкірттеріне, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын. Иманды болсын!" - деп жазды ол.