14 нау, 2020 сағат 09:10

Аймағамбетов: Балабақшалар әзірге жұмысын тоқтатпайды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі балабақшалар әзірге жұмысын тоқтатпайтынын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Білім және ғылым салаларында алдын алу шаралары қабылданды. БҒМ тиісті бұйрығы шығып, оны барлық білім беру ұйымы мен облыстардың білім басқармаларына жеткіздік. Сол бұйрықта ең басты тапсырмалар берілді. Біріншіден, балабақшаларға тоқталар болсақ, алдын ала ақпарат бергендей, олар әзірге жұмысын тоқтатпайды. Бірақ біз ата-аналардың мүмкіндіктеріне қарай, балабақшаға бармауды (апармауды – авт.) ұсынамыз. Мұның алдында бұйрыққа сәйкес бала бірнеше күн бойы балабақшаға келмесе, шығарылатыны туралы норма бар еді. Біз қазір ол норманы алып тастадық», - деді Асхат Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрі қазіргі уақытта баланы балабақшаға әкелмесе де орны сақталатынын жеткізді.

Еске сала кетсек, 14 наурызда елордада өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Көп уақыт өтпей Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды.

Кейін Германиядан ұшып келген Қазақстан азаматынан коронавирус анықталды. 

Ал бүгін тағы екі азаматтың осы дертті жұқтырғаны белгілі болды. Осылайша бұл дертке шалдыққандар саны 6 адамға жетіп отыр.