02 қаз, 2020 сағат 10:47

Аймағамбетов: 1-2 жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе артатын болады

Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, ең басты маман ол - ұстаз. Өйткені, ұстаз барлық маманды тәрбиелейді, бәріне білім береді. Бүгінде мемлекетімізде ұстаздардың мәртбесін көтеру, оларғатиісті жағдай жасау үшін үлкен іс-шаралар басталып, жүзеге асырылуда. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының аясында елімізде білім саласын дамытуға зор көңіл бөлініп, ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына ерекше назар аударып, жуырдағы Жолдауында да осы мәселеге үлкен көңіл бөлді», - деді министр шара барысында. 

Оның айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артты. Жалпы 1-2 жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы 2 есе артатын болады. 

«Бүгін ұстаздарымыз үшін тиісті жағдай жасауымыз керек. Ол үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Педагогтардың мәртебесі туралы арнайы Заң қабылданды. Сол Заңның аясында 70-тен астам бұйрық пен қаулы қабылданып, қолданысқа енгізілді. Өте үлкен проблемалар болды. Оны білеміз. Қағазбастылық проблема болғаны белгілі. Бұған қоса,мұғалім мамандығын таңдайтын жақсы түлектер аз еді. Мұғалімдердің қызметіне тән емес жұмыстарға тарту проблемасы да болды. Осы мәселелерді шешу үшін ел Президентінің тапсырмасы аясында кешенді жұмыстар іске асырылды», - деді ол. 

Асхат Аймағамбетовтің атап өтуінше, Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінде биыл «Алтын белгі» алған түлектердің ішінде мұғалім мамандығын таңдағандар 2 есе өсті. 1 қыркүйектен бастап педагог мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысы 26 мыңнан 42 мыңге дейін артты. 

Шара барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпаздарына 2 778 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде сыйақымен мен төсбелгілерді табыстады.