Фото: profile.ru
Қазақстандық әйел бұрынғы күйеуінің банк шотындағы мәліметті білу құқығына ие болу үшін Конституциялық сотқа жүгінді, деп хабарлайды Ult.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конституциялық сот мәліметінше, әйелдің өтініші негізінде Конституциялық сот "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Заңының 50-бабы 4-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексереді.
Аталған нормаға сәйкес, банк құпиясы болып саналатын мәліметтер тек клиенттің өзіне немесе шот (мүлік) иесінің келісімімен үшінші тұлғаға ғана ашылуы мүмкін.
Әйел адам көрсетілген ереже іс жүзінде ерлі-зайыптының бірінің ортақ жинақтар туралы ақпарат алу мүмкіндігін шектейді және ерлі-зайыптының ортақ мүлкіндегі үлеске құқықты іске асыруға кедергі келтіреді деп есептейді.
Өтініште көрсетілгендей, некені бұзғаннан кейін ортақ мүлікті бөлу туралы талап-арыз дайындау барысында өтініш беруші бұрынғы жұбайының неке кезеңінде жинақтаған қаржылық қаражаты туралы мәліметтерді ала алмаған.
Осыған байланысты ол екінші деңгейдегі банктерге қатысты тиісті ақпаратты ұсыну міндетін жүктеу туралы талап-арызбен сотқа жүгінген. Алайда сот талаптарды қанағаттандырудан бас тартқан.
Отырысқа өтініш иесі мен оның заң консультанты, парламент палаталарының, Бас прокуратураның, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Әділет министрлігінің, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, сондай-ақ Парламентаризм институтының өкілдері қатысты.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімі алдағы уақытта Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес КС ресми сайтында жарияланады.
