24 қаң, 2025 сағат 16:43

Айдын Сахаман, режиссер: «Болмаған балалық шақ» фильмінде өз замандасымыз туралы түсіру оңай болмады


Белгілі ақын, жазушы Ақберен Елгезектің қаламынан туған «Болмаған балалық шақ» повесі қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып келген еді. Автор өз өмірін бүкпесіз ашып, балалық шағында бастан кешкен тағдырын еш боямасыз ақ қағазға түсірген. Бұл туынды театр сахнасында да қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. Енді дәл осы  шығарма кино болып түсіріліп, үлкен экранға жол тартпақ. Бас продюсері автордың өзі – Ақберен Елгезек, режиссері – Айдын Сахаман, сценарийін жазған – Ефрат Шәріпов. Фильм 27 ақпаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Осы орайда Ult.kz тілшісі «Болмаған балалық шақ» фильмінің режиссері Айдын Сахаманмен сұхбаттасты.


Айдын Жомартұлы, жуырда ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабының желісі бойынша фильмді жарыққа шығарғалы отырыздар. Жалпы идея қалай туындады? Команда қалай жасақталды?


– Маған Ақберен аға хабарласқан кезде, фильм түсіруге деген идея өзінде бұрыннан болған екен. Алғаш кездескен кезде сценарий авторы драматург Ефрат Шәріпов, Ақберен аға үшеуіміз отырып, ақылдасып, талқыладық. Фильмді түсіру барысында «Дос-Мұқасан» фильмінің барлық авторлары болды. Сценаристі, әрлеуші, қоюшы-суретші бәрі бар. Команда жасақтағанда тек қана өзім жұмыс істейтін ұжымым, сенімді авторларым келді. Солармен бірге жұмыс істедік.


Ақберен Елгезектің XXI ғасырдың үздік прозалары қатарына енген туындысын фильм қылып түсірерде қандай мақсат қойдыңыз? Ақберен мырзаның өз үлесі қандай болды?


– Ақберен ағаның өзінің айтатын ойлары болды. Оны сценарийдің авторымен ақылдаса отырып, қаламгердің ойы мен сценарий авторы Ефрат Шәріпов өзінің ойын қосып, кітаптағы және спектакльде бар дүниелерді біріктіріп, ортақ дүние шығардық. Тек сол кітаппен ғана шектелмейді, шынайы оқиғаға негізделген фильм болғанымен, кино - өнер болғаннан кейін түрлендірдік. Тек қана реализм емес, драматургиялық заңдылықты да сақтау үшін, көрерменге әсерлі қылып жеткізу мақсатында біз өзіміздің ойымызды қостық. Бірақ кітап және идея авторы, бұл фильмнің бас продюсері Ақберен Елгезек шығармашылыққа ешқандай шектеу қойған жоқ. Біз өзіміздің фантазиямызды қосуға тырыстық. Бір жағынан бұл кітаптағы, спектакльдегі әлеуметтік драма болғанымен, біз жас көрерменге лайықты етіп, түрлі жанрлар қостық. Өйткені бұл фильмді тек үлкендер ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушылары көретінін ескеріп отырмыз.


«Болмаған балалық шақ» бұған дейін театрда да көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді. Театр мен киноның арасында қандай байланыс, қандай ерекшелік болмақ?


– Мен режиссер ретінде айтарым, өз басым бұл спектакльге әдейі барған жоқпын. Өйткені әр режиссердің өзінің қолтаңбасы мен көзқарасы бар. Бір шығармадан екінші шығармаға бір стилистика, бір идея көшіп кетпеуі үшін әдейі бармадым. Тек қана кітапты оқып, өзімнің режиссерлік оригиналды ойымды сақтау үшін солай еттім. Қандай байланыс бар екенін тек қана көрермен айта алатын шығар.



Фильмге актерлар құрамы қалай іріктелді?


– Кастинг ұзақ уақыт жүрді. Өйткені басты рөлде кәсіби емес актерлер, кішкентай балалар бар. Кішкентай балалардың құрамына ашық кастинг жарияланды. Басында бұл жобаны демеп, осы жобаның болуына атсалысқан Қазақфильмнің бұрынғы президенті Азамат Сатыбалды еді. Сол Қазақфильмнің базасында кастинг шамамен 3-4 ай болды ғой деймін, 700-ге жуық бала қатысты. Әртүрлі актерлық мекемелерден, үйірмелер мен мектептерден айлар бойы балалар тоқтамай келіп отырды. Солардың арасынан іріктеліп алынды. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші фотосуреттен бастап, өнеріне қатысты, одан кейін сахнада ойнаған, партнерлық сахнада ойнаған іріктеулер болды. Солардың арасынан төрт айда тапқан басты кейіпкеріміз Ақошты ойнайтын екі жас айырмашылығындағы кейіпкер бар. Кішкентай және үлкен... Мектептің басы мен аяғы ғой. Оны студенттердің арасынан қарадық. Соның ішінен тапқан басты кейіпкер кішкентай Ақош – Шәкәрім Алмасбек, үлкен Ақош – Нұртілек Жарылқасын.

Ал баланың қасындағы достары, әпке-бауырларын ойнаған болашақ кәсіби артистер Т. Жүргенов атындағы Академия мен Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінің студенттері.


Бұл өмірде болған оқиға. Басты кейіпкері де арамызда жүрген замандасымыз. Адам өмірінен, кітап желісінен фильм түсіру қаншалықты қиын әрі маңызды болды?


– Әлбетте, тірі адам туралы және өз замандасымыз туралы фильм түсіру оңай дүние емес. Мысалы жоқ адам туралы болса, жоқты бар қылғандай қылып фильм түсірген режиссерлер бар.  Оның бір жағынан қиындығы да, негізі де бар. Өйткені көзі тірі адам осылай болуы мүмкін бе еді, мүмкін емес пе еді деген сұрақтарға өзі жауап бере алады. Сондықтан шығармашылықта бұл үлкен көмек болды деп айта аламын.

Жалпы мұндай фильм тәжірибемізде бар. Мысалы «Дос-Мұқасан» фильмі, ағаларымыздың жартысы көзі тірі, жартысы марқұм болып кетті.

Сонымен қатар, телехикаялар түсірдік. Биографиялық фильмдерден Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Сағатбек Әшімбаев туралы түсірдік. Сондықтан биографиялық сценариймен фильмдерге  біздің түсірілім тобы етене жақын.




Фильмді түсіру барысында сценарийге өзгерістер енгізілді ме? Қандай локацияларда түсірілді?


– Кино түсірудегі ең басты талап – жазылған сценариймен жүру. Театрдың драматургиясы пьеса болса, оны режиссер өзгерте алады. Ал киносценарий үлкен құжат, өйткені әр сахнаның өзінің бюджеті бар, түсірілетін жері бар, жоспарлауы бар деген сияқты. Импровизация тек сахнаның ішінде ғана бола алады, ал кино алаңында ол мүмкін емес. Сондықтан түсірілім бір жыл бойы жазылған сценарий бойынша жүрді.

Ал фильмді Алматы облысының шығысынан батысына дейін бес ауылда түсірдік. Кеген ауданы Тоғызбұлақта, одан кейін Жамбыл ауданы Бесмойнақ деген ауылда түсірдік. Сұраншы батыр, Ақсеңгір ауылдарында да түсірілім өтті. Алматы облысы кинометографиялық география ғой, тауы да бар, шөлі де, суы да бар.


«Кино – идеология» деп жатамыз? «Болмаған балалық шақ» фильмі арқылы көрерменге не бере аламыз деп ойлайсыз?


– Бұл жерде отбасылық құндылық, адам құндылығы бар. Бала өмірі, қазақ елінде жетім балалар болмасын деген оймен түсірілген фильм деп ойлаймын. Сосын бала тәрбиесіндегі ақ пен қараның ара жігін ажыратып, тәрбие беру керек деген маңыз бар.


Сұхбатыңызға рақмет!


(Суреттер режиссер Айдын Сахаманның жеке архивінен)


Әңгімелескен

Ақбота Мұсабекқызы