Әрине, теледебат еліміздегі «демократияның» көрінісі де, «Хабар» телеарнасының «ерлігі» де емес. Кез келген есі дұрыс, парасатты елде теледебат адамның таңертең тұрып, тісін тазалауы сияқты дабыраламай, аспандатпай өткізілетін шарасы. Оны ешкімге міндет қылудың жөн-жосығы жоқ. Кез келген үкімет мүшесі, депутат, саяси партия өкілі, қоғам белсендісі өз ойлары мен ұстанымын халыққа жеткізу үшін, түсіндіріп-ұғындыру үшін адаммен де, сайтанмен де дебатқа шығып, айтысуға дайын болуы керек. Бұл мектептің үшінші сынып оқушысына да түсінікті дүние. Бұл шынайы демократиялық мәдениет. Дебат – кеңірек айтсақ, айтыс, қажет десеңіз, «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақтың жаны мен болмысы, сан ғасырлық өркениеттік дамуының нышаны мен қазақтықтың алғышарты.
Тіпті кешегі күні өткен дебатты алып қарайықшы. Интернеттегі, әлеуметтік желідегі сөзтартыстан туған дүние. Үкімет мүшесі мен сарапшының арасындағы әңгіме табиғи түрде телевизиялық форматқа ұласты. Әп-әдемі, аса мәдениетті дебат болды. Одан ешкімнің көзі шығып, басы жарылған жоқ. Каспий құрғап, Есіл ағысын өзгерткен жоқ. Қайта, керісінше, көпшіліктің көзі ашылды, халық біраз дүниеден хабардар болды. Министр Біртанов та, сарапшы Ошақбаев та ойлағандарын ортаға салды, пікір алмасты, ой жарыстырды. Міндетті медициналық сақтандыру деген аса күрделі үдерісті насихаттау бойынша жасалған үгіт-насихаттың ішінде осы дебат ең оңтайлы, ең есте қаларлық іс-шара болды десек те артық кетпеспіз. Ең бастысы, теледидарға «тікелей эфир», «тірі эфир» деген ұмытылып, саяси «қызыл кітапқа» енген жанр орала бастады. Бүгінде «Біртанов озды», «Жоқ, Ошақбаев алға шықты» деген әңгімелер айтылар, алайда бұдан ұтылған тарап жоқ. Біртанов өз министрлігі өткізіп жатқан саясат туралы кеңінен тарқатып айтса, Ошақбаев өзінің сыни пікірі мен дәлелдерін ортаға салды. Екі жақ та өздері діттеген мақсаттарына жетті. Есесіне қоғамның күрделі реформаға деген көзқарасы пен пайымы пайда бола бастады. Ең бастысы, үкімет «үндеместердің ауылы», «дебаттан қорқып-үріккендердің ордасы екен» дейтін жалпылама қағида теріске шықты. Ал осыдан кім ұтылды?
Шынымен де, осы біз теледебат, саяси ток-шоу дегендерден несіне қорқамыз? Шошынып, ат-тонды ала қашатындай дүние ме? Министрдің теледидарда сөз сөйлегенін, әкімнің халыққа жауап бергенін қашанға дейін ерлікке балап, жыр қыла береміз?
Қашанғы эстрадалық әншілеріміздің тоя телміріп, кісінеп көсемсіген сөздерін тыңдай береміз? Алысқа бармай-ақ қоялық, көршілес, ет үйренген, авторитарлығы бізден аса қоймаған Ресейді алып қарайықшы. Ресейдің әрбір телеарнасында күніне кемінде 3-4 сағат тікелей эфирде саяси хабарлар мен ток-шоулар өтіп жатады. Ондағы саяси тақырыптағы хабарлар мен жаңалықтардың кемі эфирдің үштен бірін, кейбірінде тіпті 40 пайызына дейін саясат тақырыбы алып жатыр. Жақсы болсын, жаман болсын мәселе көтеріледі, айтылады. Одан Путиннің беделі құлдырай құлап, көшеге миллиондап бүлікшілер шығып кеткен жоқ. Қайта, керісінше, теледидардағы талқылар қоғамды тыныштандырады, халықтың ішіндегі қыжылын сыртқа шығарады емес пе? Саяси хабарлар мен ток-шоуларды ешкім қарамайды дегеніміз де жалған ақпарат. Ресейдегі кейбір саяси хабарлардың рейтингі өте жоғары, көптеген сайқымазақ бағдарлама мен кинофильмдерден биік. Өміріміздің барлығы, айналып келгенде, саясатқа келіп тіреледі. Олай болса, қоғамның айнасы болып табылатын теледидарда сол саясат неге жоқ деген заңды сұрақ туындайды да тұрады.
Жалпы алғанда, бүгінгі қазақ телеарналары – әлі де отарлық телеарналар. Мейлі қазақтілдісі, мейлі орыстілдісі болсын. Баяғыда бір отарлаушы өзі билеген елдің теледидарына қатысты өз жендеттеріне: «Отарлық елді билеп тұрғың келсе, жауланған халыққа өнер мен музыкадан басқа ештеңені көрсетпе», – деген қағида айтқан екен. Мысалы, өзіміз көретін теледидарда ТНВ деген татардың кабельді арнасы бар. Түнде қос, күндіз қос – татар бауырларымыз өлең айтып, би билеп жатады. Татар халқының басқа мәселесі жоқ, тоқшылық заманда ойнап-күліп жүрген, бақытты халық дегендей пікір туады. Бірақ, шынында, солай ма? Әрине, олай емес. Керісінше, Ресейдің бауырлас халыққа жасап жатқан қысастығынан туындап отырған саясат. Татар халқы өспесін, ұлт болмасын, дамымасын деген шірік ойдан туған қитұрқы тәсіл. Ал бізге не жоқ? Бізді кім жаулап, кім отарлап жатыр? Өз үкіметіміз бе? Назарбаев бастаған қазақ билігі ме? Қоғамдық сананы, құлдық сананы неоотарлау арқылы жеңетін жолы бар ма еді? Керісінше емес пе еді?
Шындап келсек, кез келген қоғам тек тартыс, айтыс, жан күйзелісі мен ой күйзелісі арқылы дамып отырады. Қоғамның зиялылығы, парасат-пайымы, саяси өресі және тарихи санасы тек саяси дебат арқылы, өз мәселесін шынайы талқылаған кезде ғана қалыптасады. Осы арқылы саяси талабы, саяси талғамы жасақталады. Осы арқылы ғана қоғам есейіп, саяси азаматтық ұлтқа айналады. Барды айтпау, ауруды жасыру – қоғамдық, әлеуметтік және саяси суицид. Қоғам шындығын жасыру, шындықты айтқызбау, цензура орнату қоғамды суицидке, яғни өлімге итермелеу, мәжбүрлеу болып табылады. Осыны қашан түсінеді екенбіз?
Біздің қоғам – аса күрделі, аса тағдырлы кезеңін басынан кешіріп жатқан қоғам. Біз қысқа уақыт ішінде бір емес, үш таңдауды қатар жасауға, үш табалдырықтан қатар аттауға міндетті қоғамбыз. Біріншіден, отарлық қалыптан шығып, құлдық санадан құтылуымыз міндет. Екіншіден, сүйекке дейін сіңген сталиндік-большевиктік тоталитарлық санадан арылуымыз шарт. Үшіншіден, жабық қоғамнан – ашық қоғамға, авторитарлық қоғамнан – демократиялық қоғамға қадам басуымыз борыш. Сонда ғана тәуелсіз ұлт боламыз, сонда ғана шынайы тәуелсіздік пен қазақ ұлттық мемлекетіне қол жеткізе аламыз. Жаңа тәуелсіз қоғамды құру, оның санасын жаңғырту дегеніміз – осы. Осынымыз шын болса, онда бүгінгідей баспасөз бен теледидар бірінші және басты кедергі екенін де мойындағанымыз шарт. Өкінішке қарай, осының орнына біз жалған күн тәртібін тұтынып, фейк (жалған) жаңалықтармен қоректеніп, әлі де кешегі империяның уымен тыныстап келеміз. Баян Есентаеваның байы мен Шыңғыс ханның тегін түгендеп, қызылкеңірдек болып айтысып талқылаған қоғамның тасы ешқашан да өрге домаламайды. Мұндай қоғамның өресі де, санасы да өспейді, ойы мен іс-әрекеті заман талабына сай болмайды.
Өткен аптада елімізде қайғылы оқиға орын алды. Пайғамбар жасына келген кәсіпкер, отағасы Өмірбек Жампозов деген азамат алдымен күштік құрылым өкілдеріне оқ атып, артынан АЛЖИР мемориалының алдына барып, өзіне-өзі оқ атты. Бүгінгі заманның «Қараш-Қарашы», бүгінгі заманның Бақтығұлы! Заң қорғауды заңды қорлауға айналдырған шекпенділердің озбырлығына шыдамаған қазақ азаматы екі бірдей ауыр қылмыс жасады. Бірі – қоғам мен мемлекет алдындағы қылмыс болса, екіншісі – Құдай мен жақындары алдындағы қылмыс. Құдай өзі кешірсін дерміз... Қараңыздаршы, сталиндік жүйе шекпенінен шыққан, соның бірде-бір ауруын жеңе алмаған құқықтық жүйенің қудалауынан титықтап, шыдамының шегіне жеткен адам сталиндік заман ескерткішінің алдына барып өзіне-өзі қол жұмсаған. Не деген қатерлі, қастерлі, қауіпті символизм! Басқа елде мұндай жағдай ғаламат серпіліске алып келер еді. Тунистегі жеміс-жидек сататын саудагер Мұхаммед Буазизидің трагедиясы барша араб әлемін дүр сілкіндіріп, «араб көктемі» деген құбылысқа бастама болды. Ондағысы 2 миллион доллардың әңгімесі емес, 200 доллардың жыры болатын. Бірақ біз Тунис емеспіз. Себебі біз әлі сталиндік АЛЖИРміз...
Есі дұрыс, іші бүтін елде мұндай оқиға сөзсіз тәулік бойы талқыланары, күн тәртібіндегі ең басты мәселеге айналары сөзсіз еді. Табиғаты мен болмысы дұрыс елдің баспасөзі күндіз-түні сарапшыларды, мамандарды, шенеуніктерді шақырып, мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп, түп-түбіріне дейін жетер еді. Алайда біздің телеарналарымыз жым-жырт. Егер өз қоғамымызда күнде болып жатқан оқиғаларды талқылай алмасақ, шындықтың жүзіне тіке қарай алмасақ, ащы шындықты көтере алмасақ, оған жатып алып балаша өкпелесек біз кімбіз, қандай қоғамбыз сонда?
Баяғыда латынамерикалық «магиялық реализм» мектебінің негізін қалаушылардың бірі, кубалық жазушы Алехо Карпентьер өз заманындағы Аргентина елінің жағдайын жақсы суреттеген екен. Бір романында «Біздің қоғам – қызық қоғам. Онда бір елде, бір заманда, бір мезетте тас ғасырынан бастап, ХХІ ғасырдың азаматтарының барлығы қатар жер басып жүр» деген екен. Біздің қоғам да солай. Біздің қазақ қоғамында барша заманның, барша тарихи кезеңдердің кейіпкерлері бір ауамен тыныстап, әрқайсысы өз заманына сай әрекет етіп жүр. Бірі – тас ғасырына, бірі – ғұн заманына, бірі – Алтын Орда заманына, бірі – патшалық Ресей заманына, бірі – совет заманына қарай жұртты тартып, үгіттеп, итермелеп әлек. Әрқайсысының өз шындығы, өз пайымы, түсінігі бар. Себебі не дейсіздер ме? Себебі біреу: біз өз тарихымыздың бірде-бір бетін жауып, өткеніміздің ешбір кезеңімен қош айтысқан жоқпыз. Оның орнына жалған тақырыптарды талқылап жатырмыз. Қазақ тарихының кітабы тігілмеген, баспаға жарияланбаған, еш тәртіпсіз, бағыт-бағдарсыз, қалай болса солай үстелде шашылып жатқан қолжазба ғана. Біздің тарихымызда өткен барша тұлғалар пантеонда жатқан жоқ, арамызда өмір сүріп жатыр. Өлігі жерленбеген, тірілермен бірге ғұмыр кешкен Маркестің Макондосы іспеттес елміз. Абылай да, Абай да, Шыңғыс хан да замандасымыз. Сол себепті де болар, Шыңғыс ханның тегін Баянның байымен қатар өсектеп, талқылап жатамыз. Абайды жастықтың астына салып жастанып, жаттап, айнаға қарағандай оқитын қоғамбыз. Сондықтан да болар, Абайдың әрбір сөзіне әлі тамсанып, әлі өзімізді-өзіміз жүндеп, жер қылып жатамыз. Мұндай жағдай, айналып келгенде, жекелеген адамға да, барша қоғамға да жүк, ауыр салмақ. Түбі тек шизофренияға апаратын, еш адам көтере алмас он түйенің жүгі. Осы жан ауруына шалдықпаудың, душар болмаудың басты құралының бірі – баспасөз бостандығы, ой бостандығы, ашық пікірталас, саяси дебаттар. Баспасөзде, теледидарда бүге-шігесіне дейін талқыланған тарих беті жабылады, тарих еншісіне өтеді. Ол үшін Абайша өз қоғамымызды өзіміз сынай білуіміз парыз. Біз Абайдың замандасы емес, кейіпкері емес, оқырманы болған кезде ғана жаңарамыз, жаңғырамыз. Басқа жолы жоқ.
Айдос САРЫМ,
«Жас Алаш» газеті