16 шіл, 2019 сағат 13:01

Айдар Әбуов: Айтылған сынның орындалуын халық бақылайтын болады

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұған дейін халық арасында сыбырлап айтылып жүрген мәселелерді президент дөп басып айтты, деген пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы еліміздегі мәселелердің бар екенін айтып қана қоймай, оны қалай шешу керек, қалай жұмыс жасау керек, оған кімдер жауапты болатынына дейін нақтылап айтты. Соның бірі «Болашақ» бағдарламасы. Бұған дейін білім іздеген жастар ғана емес, шенді-шекпенділерге дейін білімін жетілдіру мақсатында осы бағдарламаны пайдаланатын. Ендігі жерде бұған жол берілмейтіндігі айтылды. Ауыл шаруашылығына қатысты да, сырттан инвесторлар тартуда да жергілікті әкімдерге талап қойды. Сол инвесторлар арқылы еліміздегі экономикалық мәселелерді шешуге болар еді. Алайда бұған дейін біздің өңірлердегі әкімдердің өздерің тым асқақ ұстауынан сырттан қаржы құятын инвесторлар саны азайған. Санамалап айта бастасақ шешуін таппаған күрделі мәселелер көп екен. Кеше мемлекетке шығын әкелетін жобалар, халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі, елдің несиегі тәуелділігін жою, халықты тұрғын үймен қамту секілді өте өзекті мәселелер көтерілді», - дейді Айдар Әбуов.

Оның айтуынша ендігі жерде бұл мәселелерді халық бақылайтын болады. Себебі, билік пен халықтың арасы жақындады.

«Осы айтылған сын оң шешілсе халықтың тұрмысы жақсарады, орындалмай осы қалпында қалатын болса тұрмыс төмендей береді. Бірақ, қазір билік пен халықтың арасы айтарлықтай жақындады. Бұл мәселелердің орындалуын халық бақылауында ұстайды. Қазір әлеуметтік желі де барлық мәселе ашық талқыланады. Сондықтан да мемлекет басшысы барлық әкімдерге әлеуметтік желілерге тіркеліп, елмен тығыз байланыста болуды бұған дейін тапсырған болатын», - дейді ол.

Baq.kz