Фото: Freepic.com
Биыл елімізде плагиатқа қатысты 7 іс қаралды. Бұл туралы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Плагиатқа қатысты айтар болсам, бүгінде авторлық құқықты бұзғаны үшін жауапкершілік бар. Жауапкершілікті қатаңдату немесе қайта қарау, яғни кез келген жауапкершілікті іске асыру аталған норманы қолдану құқығының қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. Биыл 10 тұлғаға қатысты небәрі 7 іс болды, оның тек екеуі ғана плагиат фактісі. Демек, бүгінде жауапкершілікті қатаңдату немесе күшейту қажеттілігін көріп отырғанымыз жоқ», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Осы орайда вице-министр Мемлекет басшысы биыл зияткерлік меншік саласындағы екі заңға қол қойғанын атап өтті.
Оның біріншісі – «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң. Келісімнің мақсаты – авторлық құқық және сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, Достастыққа қатысушы мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейту.
Екіншісі – «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілері мен географиялық нұсқауларды пайдаланудың алдын алу және жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң. Келісімде тараптарға жалған тауар белгілері мен географиялық нұсқаулары жазылған тауарларды өндіру және өткізу фактілерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ мұндай тауарларды ТМД-ға қатысушы елдердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдайлар жасау көзделген.